Ауылдық округтер бюджетінің қаржылық мүмкіндіктері кеңейтіледі – Әлихан Смайылов

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Жергілікті өзін-өзі басқарудың жаңа тұжырымдамасы әзірленеді. Бұл туралы ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Әлихан Смайылов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Елдің теңгерімді өңірлік дамуының жаңа әдістері жасалатын болады. Ол әрбір нақты өңірдің бәсекеге қабілеттілік басымдығын ашу шараларын да қамтиды. Бұл үшін 2030 жылға дейінгі аумақтық-кеңістіктік дамудың болжамды сызбасына тиісті өзгертулер енгізілетін болады», - деді бірінші вице-премьер Үкімет үйіндегі баспасөз мәслихатында.

Оның атап өтуінше, ауылдардағы өзекті инфрақұрылымдық мәселелерді шешуге бағытталған «Ауыл ел бесігі» жобасын жүзеге асыру жалғасын табады.

«Жергілікті өзін-өзі басқаруды жетілдіру және «халық қатысатын бюджеттерді» дамыту аясында ауылдық округтер бюджетінің қаржылық мүмкіндіктері кеңейтіледі. Жергілікті өзін-өзі басқарудың жаңа тұжырымдамасы әзірленеді. Аталған тұжырымдама аясында ауыл әкімдерін тікелей сайлауды енгізу, жергілікті мемлекеттік басқарудың мүліктің құқығын және мәслихаттардың өкілеттігін кеңейту бойынша ұсыныстар әзірленеді», - деді Үкімет басшысының бірінші орынбасары.

Сөз соңында Әлихан Смайылов Мемлекет басшысының Жолдауында елдің нақты даму басымдықтары белгіленіп отырғандығын, қойылған міндеттер толығымен және уақтылы жүзеге асырылатындығын баса айтты.


Соңғы жаңалықтар