Ауылды дамытуға биыл СҚО-да 7,4 млрд теңге жұмсалады

Фото:
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Биыл Солтүстік Қазақстан облысында «Ауыл – ел бесігі» мемлекеттік бағдарламасы аясында 7,4 млрд теңгенің 50 жобасын жүзеге асыру жоспарланған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО экономика басқармасының мәліметінше, «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында былтыр 5,4 млрд теңгенің 44 жобасы іске асырылды. Нәтижесінде жаңадан 209 жұмыс орны құрылды. Жалпы 85 елді мекенде тұратын 189 мыңнан астам адам жүргізілген жұмыстың пайдасын көріп жатыр.

«Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында облыс бойынша 13 мың адам тұратын 2 ауылда сумен жабдықтау желілерінің 20 шақырымы ауыстырылды, 112 мың тұрғыны бар 48 ауылда кентішілік жолдардың 290 шақырымы және 52 білім беру нысаны, 19 мәдениет және спорт нысаны, 13 денсаулық сақтау нысаны, 4 елді мекенде электр және жылу желілерінің 10 шақырымы салынды.

Ғабит Мүсірепов атындағы ауданның орталығы - Новоишим ауылында орталық қазандықтың құрылысы аяқталды», - дейді СҚО экономика басқармасының басшысы Қуанышбек Қалижанов.

Биыл да бағдарлама аясында ауылдарды дамыту үшін 46 елді мекенде 50 жоба жүзеге аспақ. Осы мақсатқа 7,4 млрд теңгені жұмсау жоспарланған. Бұл 39 мыңнан астам ауыл тұрғынының тұрмысын жақсартады.

Жалпы, 2019 жылдан бастап «Ауыл - ел бесігі» жобасы аясында ауылдық елді мекендердің әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылымын жаңғырту және дамыту жөніндегі іс-шаралар жүргізіліп жатыр. Жобаның негізгі мақсаты – ауыл тұрғындарын әлеуметтік игіліктермен қамтамасыз ету және тұрмысын жақсарту.

2019-2021 жылдары СҚО-да 62 ауылдың көлік және әлеуметтік инфрақұрылымын жаңғыртуға 17,2 млрд теңге бөлінді. 119 жоба іске асырылды. Жаңадан 880 жұмыс орны құрылды.

Қазіргі уақытта өңірдегі 635 елді мекеннің 307-сі болашағы бар санатында. Ондағы халық саны 246 мың адамды немесе ауыл халқының жалпы санының 86% құраған.


Соңғы жаңалықтар