Ауылды дамытуды Ұлттық экономикадан Ауыл шаруашылығы министрлігіне беру керек - сенатор

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Үкімет ауылдық аймақтарды дамыту бағдарламасының тұжырымдамасын түбегейлі қайта қарастыруы қажет. Бұл туралы Сенат депутаты Ақылбек Күрішбаев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Ауылдық аймақтарды дамыту жұмыстарын тиімді жүргізу үшін тиісті ұсыныстарды еңгіземіз. Біріншіден, Үкімет ауылдық аймақтарды дамыту бағдарламасының тұжырымдамасын түбегейлі қайта қарастыруы қажет. Осы орайда ең алдымен, ауылдық аймақтарды дамыту бағытын жеке құжатпен ұлттық жоба ретінде қабылдау жөн болар еді. Екіншіден, ауылдық аймақтарды дамыту мәселелерін басқаруды Ұлттық экономика министрлігі қарамағынан алып Ауыл шаруашылығы министрлігіне беру керек. Себебі ауыл өндірісі мен ауылдық тұрғындарға оңтайлы жағдай жасау ортақ мәселенің құрамдас бөлігі және оны бөліп-айырудың қажеті жоқ. Сонымен қатар, бұл – бүкіл әлемдік тәжірибе. Еуропаның көптеген мемлекеттерінде, Канада, Аустралия, Ресей және Беларусь секілді аграрлық елдерде ауылдық жерлерді дамыту мәселесімен Ауыл шаруашылығы министрлігі айналысады», - деді А. Күрішбаев Сенаттағы ауылдық аумақтарды дамыту жөніндегі парламенттік тыңдауда.

Оның пайымынша, ұлттық жобаны қаржылық қамтамасыз ету қағидаттарын түбегейлі қайта қарастырған жөн. Бұл жерде ауылдық жерлердің инфрақұрылымын дамыту процесіне қатысқан мемлекеттік емес құрылымдардың шығындарын субсидиялау арқылы осы іске жеке капиталды барынша тартудың маңызы аса зор.

«Ауылшаруашылық өндірісті, ауылдық аймақтарды дамыту үшін ауыл бизнесін қолжетімді ұзақ мерзімді несиемен қамтамасыз ету өте маңызды. «Бәйтерек» және «ҚазАГРО» холдингтері біріккеннен кейін, олардың басты қызмет ету нысаны ауыл мен ауыл шаруашылығы болады деген үміттеміз. Ол үшін жаңа қаржы жүйесінің негізгі құрылтайшысы Ауыл шаруашылығы министрлігі болу керек деп санаймыз. Қосалқы шаруашылықтардың кооперациясын, ауылдағы мал басын жайылым және жем-шөппен қамтамасыз ету мәселесін түбегейлі түрде шешу қажет. Биылғы жолдауында Президент осы сұрақтарға қатысты және 1 млн ауыл тұрғындарының табысын тұрақты түрде көтеру туралы нақты тапсырма берген болатын», - деді сенатор.


Соңғы жаңалықтар