Ауылдасының жылқысын ұрып өлтірген малшы істі болды

None
None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Ақмола облысында ауылдасының жылқысын ұрып өлтірген 37 жастағы малшының үстінен қылмыстық іс қозғалды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

Полицейлердің мәліметі бойынша, ағымдағы жылдың 28 мамырында Бұланды ауданы Макинск қаласының 49 жастағы тұрғыны полицияға арызданған. Арызданушының сөзіне қарағанда оның жылқысы малшының қатыгез әрекеті салдарынан арам өлген.   

«Тергеу амалдары барысында анықталғандай күдікті өзі бағатын жылқыны ұрып үйретпек болған. Алдымен асауды резеңке шлангпен соққының астына алған. Кейін әбден әлсіреген жылқыны ерттеп мініп, 3 шақырымнан астам қашықтыққа тоқтаусыз шапқан. Одан соң бойында күш қуаты таусылған жылқыны боссатып жібере салған. Алайда, әлсіз жылқы көп ұзамай арам өлген. Зардап шегуші малшыға жылқысын үйретуге рұқсат бермеген», деп түсіндірді полицейлер.

Қазіргі кезде, қатыгез малшының үстінен ҚР ҚК 316-бабының 1-бөлімі бойынша қылмыстық іс қозғалып отыр. Егер күдіктінің кінәсі дәлелденсе, онда ол мал иесіне келтірген 350 000 теңге көлеміндегі шығынды өтеп беруге міндеттеледі.

Соңғы жаңалықтар