Ауылдасын балтамен ұрған: Сарыағашта 5 жасар қызды өлтірген күдікті екі ай бұрын неге түрмеге отырмады

None
ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат- Сарыағашта қыз зорлады деген күдікті мұның алдында адам өлтіріп, 10 жыл түрмеде отырып келген. Бұл туралы Түркістан облыстық сотының баспасөз қызметі мәлімдеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жібек жолы ауылында кішкентай қызды зорлады және өлтірді деп күдікке ілінген ер адам 2006 жылы кісі өлтіргені үшін 10 жылға бас бостандығынан айырылған.

2016 жылы ол жазасын өтеп болған соң босатылған.

Аталған соттылық Құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитетінің анықтамасына сәйкес 2022 жылы өтелген.

Биылғы мамыр айында денсаулыққа ауыр зиян келтіргені үшін сотталған.

Сотталушы жәбірленушімен бірге алкоголь ішіп, ауызша жанжалдан кейін оны тұрмыстық балтамен ұрған.

«Сот осы қылмыстық істі қарау барысында кінәні жеңілдететін мән-жайды ескерді. Ол - сотталушының кінәсін толық мойындауы және жасаған ісіне өкінуі, келген зиянның орнын толтыруы. Сондай-ақ жәбірленушінің өзі оны кешіріп, жеңіл жаза тағайындауды сұрады. Үкім шыққан кезде сотталушының соттылығы болған жоқ, өйткені ол заң бойынша өтелген. Кінәні ауырлататын жағдайлар анықталған жоқ. Осыны ескере отырып, сот ҚК 106-бабының 1-бөлігі бойынша сотталушыны кінәлі деп тауып, 3 жылға бас бостандығын шектеді. Жаза жәбірленушінің пікірін ескере отырып, аталған баптың санкциясы шегінде тағайындалады» делінген Түркістан облыстық сотының баспасөз қызметі таратқан ақпаратта.

Үкімге апелляциялық шағым түспеген немесе наразылық білдірілмеген.

Үкім заңды күшіне енгеннен кейін сотталған ер адам қылмыстық-атқару жүйесі органдарының пробациялық бақылауына берілген.

Айта кетейік, Мемлекет басшысы Түркістан облысындағы қайғылы оқиғаның мән-жайын мұқият тексеруді тапсырған болатын.

Ал, бүгін кісі қолынан көз жұмған 5 жасар бүлдіршіннің денесі жер қойнына тапсырылды.


Соңғы жаңалықтар