Ауылдардың, моно және шағын қалалардың инфрақұрылымы қалай дамып жатыр

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Биыл 576 ауылда 1 056 жобаны іске асыруға 128 млрд теңге бөлінді, ал моно және шағын қалалар үшін 25,8 млрд теңге берілген. Бұл туралы Үкімет отырысында ҚР Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Айта кетейік, елімізде өңірлер арасындағы айырмашылықты қысқарту үшін «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» атты ұлттық жоба іске асырылуда.

«Жобада Ұлттық экономика министрлігі мынадай шараларға жауапты болып бекітілді: «Ауыл – ел бесігі» жобасында ауылдарды жаңғырту бойынша 2021 жылы 480 ауыл қамтылды, 2,9 мың км инженерлік желілер мен жолдар және 300-ден астам әлеуметтік объектілер салынды әрі жөнделді. Биыл республикалық бюджеттен 576 ауылда 1 056 жобаны іске асыруға 128 млрд теңге бөлінді, бұл қаражат тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласында – 91 жоба атқаруға, әлеуметтік инфрақұрылым саласында – 454 және көлік инфрақұрылымы саласында – 511 жобаға бағытталған», - деді Ә. Қуантыров Үкіметтің бүгінгі отырысында.

Биылғы 1 тамызға шаққанда әкімдіктер 52,2 млрд теңгені немесе жылдық жоспардың 40,8%-ін игерген. Қаражаттың ең төмен игерілуі Қарағанды облысында байқалады.

«Дипломмен ауылға» жобасы бойынша 2021 жылы 4,3 мың жас маман тұрғын үй сатып алу үшін бюджеттік кредит алды. Ал биыл республикалық бюджеттен 4,3 мың маманға тұрғын үй сатып алуға 20 млрд теңге бөлінді, 1 тамыз бойынша 2 мың маман баспана алды.

«Министрлік қазіргі уақытта ауылдық аумақтарды дамыту тұжырымдамасын пысықтап жатыр. Бұл тұжырымдама ауылдық аумақтар инфрақұрылымын, кәсіпкерлікті және агроөнеркәсіпті дамыту бойынша, тұрғындардың кадрлық әлеуетін арттыру, интернетке қол жеткізуін ұлғайту және тағы басқалар бойынша кешенді іс-шараларды қамтиды. Бұл ретте, құжатта жауапты мемлекеттік органдарды айқындап, жоғарыда аталған әр бағыт бойынша нысаналы параметрлер қарастырылады», - дейді Ұлттық экономика министрі.

Моно және шағын қалалардың инфрақұрылымын дамыту үшін 2022 жылы 28 қалада 57 жобаны іске асыруға 25,8 млрд теңге бөлінген. Осы жылдың 1 тамызына шаққанда әкімдіктер 9,2 млрд теңгені немесе жылдық жоспардың 35,8%-ін игерді. Қаражаттың ең аз игерілуі Павлодар және Алматы облыстарында байқалады.

«Моноқалаларды дамыту ісінде кешенді ұстаным қолдану үшін, жаңа шараларды жүйелеп, іске асыру үшін министрлік тиісті жол картасын әзірлеуде. Жол картасында моноқалаларды мемлекеттік қолдау шараларының бірыңғай тізбесін, әлеуметтік-экономикалық дамудың кешенді жоспарларын әзірлеу, индустриялық аймақтар мен озық даму аумақтарын құру және т. б. мәселелер қарастырылған. Ауылдар мен моноқалаларды дамыту бойынша жоғарыда көрсетілген барлық ұсыныстар мүдделі мемлекеттік органдар мен өңірлерге жолданды. Жалпы алғанда, «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасының іс-шаралары бекітілген жоспар-кестеге сәйкес іске асырылып жатыр, әрі министрліктің тұрақты бақылауында», - деп түсіндірді Әлібек Қуантыров.

Бұған дейін министр «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» жобасының 2021 жылғы нәтижесін баяндаған еді.


Соңғы жаңалықтар