Ауылдарды ауызсумен қамтуды Ауыл шаруашылығы министрлігіне беру қажет - Роман Скляр

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Ауылдарды кешенді дамыту үшін ауылдық жерлерді ауызсумен және су бұру қызметтерімен қамтамасыз ету фунцияларын Ауыл шаруашылығы министрлігіне беру қажет. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Роман Скляр айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Бүгінгі таңда ауылдарда сумен жабдықтау саласын дамыту жөніндегі функцияларды екі мемлекеттік орган жүзеге асырады. Ауыл шаруашылығы министрлігі елді мекендерден тыс орналасқан топтық су тартқыштарды салуды және реконструкциялауды қамтамасыз етеді. Ал біздің министрлік ауыл ішіндегі желілерді дамытуға жауап береді. Осыған байланысты Ауылдарды кешенді дамыту үшін ауылдық жерлерді ауызсумен және су бұру қызметтерімен қамтамасыз ету функцияларын Ауыл шаруашылығы министрлігіне беру қажет деп санаймыз», - деді Роман Скляр.

Оның айтуынша, бұл бір мемлекеттік органға ауыл халқын су көздерінен соңғы тұтынушыға дейін сумен жабдықтау жұмысын жүргізуге мүмкіндік береді.

«Қызылорда облысында осындай оң тәжірибе бар. 2017 жылдан бастап ілкі режімде ауылдарды сумен жабдықтау жүйелерін басқаруға Ауыл шаруашылығы министрлігіне қарасты ұйым жауапты болған. Осы мәселені мақұлдау «Ауыл - ел бесігі» атты арнайы жобаны тиімді іске асыруға мүмкіндік береді», - деді ол.

Соңғы жаңалықтар