Ауылдарды ауыз сумен қамтудың ең төменгі деңгейі екі облыста тіркелді – Қайырбек Өскенбаев

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Сумен жабдықтау қызметтерімен 100 пайыз қамту үшін бюджеттен 498 млрд теңге қаралған. Бұл туралы Парламент Мәжілісіндегі тыңдауда Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Мемлекет басшысы былтырғы Жолдауында 2025 жылы халықты сапалы ауыз сумен қамтуды 100 пайызға жеткізуді тапсырды. Осы мақсатта, «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» Ұлттық жобасы аясында 2025 жылы аталған көрсеткішті толық орындау жоспарланған. 2021 жылдың қорытындысына сәйкес, сумен жабдықтау қызметтерімен қамту республика бойынша 96 пайызды, оның ішінде ауылдарда 93 пайызды құрады», - деді Қ.Өскенбаев.

Оның айтуынша, жекелеген өңірлер бұл бағыттағы жұмыстар бойынша артта қалып отыр. Ауылдарды ауызсумен қамтудың ең төменгі деңгейі Қостанай (74,9%) мен Солтүстік Қазақстан облыстарында (83,5%) тіркелді.

«2021-2025 жылдарға арналған Ұлттық жоба аясында сумен жабдықтау қызметтерімен 100 пайыз қамту үшін республикалық бюджеттен 498 млрд теңге, оның ішінде ауылдарға 261 млрд теңге қаралған. Биыл ауылдарды ауыз сумен қамтамасыз ету деңгейін 94,7 пайызға жеткізуді жоспарлап отырмыз», - деді министр.

Оның сөзіне қарағанда, елімізде 6 302 ауылды елді мекен болса, оның 4 759-ы сумен қамтылған. Қалған 1 543 ауылды кезең-кезеңімен қамтамасыз ету жоспары әзірленді, онда республиканың әрбір елді мекені есепке алынды.

«Қамтамасыз етілмеген ауылдардың 511-інде орталықтандырылған сумен жабдықтау құрылысы жоспарланып отыр. Ал халқы аз 1 032 ауылда (200 адамнан төмен) жергілікті бюджет қаражаты есебінен кешенді блок-модульдер (КБМ) орнатылады. Оның ішінде биыл тағы 120 ауылды орталықтандырылған сумен қамтамасыз ету және халқы аз 220 ауылға КБМ орнату жоспарланған», - деді ведомство басшысы.

Бұдан бұрын хабарланғандай, 2040 жылға қарай Қазақстанда су тұтыну деңгейі 46 пайызға артуы мүмкін.


Соңғы жаңалықтар