Ауылдардағы су құбырлары бірнеше жылда істен шығуы мүмкін

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Бүгін Сенаттың жалпы отырысында депутат Ернұр Әйткенов еліміздің су құбырларының жағдайына қатысты мәселе көтерді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Сенатордың айтуынша, ауылды сумен жабдықтау жүйесі мен су құбырларының құрылысына қарамастан, бұл нысандарды күтіп ұстау бойынша мамандандырылған кәсіпорындар қарастырылмаған. Осы орайда, салынған су құбырлары әкімдіктердің есебіне қойылады немесе білікті мамандары мен арнайы техникасы жоқ басқа кәсіпорындардың қарамағына беріліп келеді.

«603 ауылда сумен жабдықтау жүйесіне қатысы жоқ кәсіпорындар жауапты немесе су құбырлары әкімдіктердің балансына тіркелген. Сапасыз техникалық қызмет көрсетудің салдарынан су тазарту жабдықтары үнемі істен шығып жатады. Осы жағдайда су тазарту жүйелерінің жұмысы толықтайы тоқтауы мүмкін. Мұның салдарынан халық қайтадан тазартылмаған су ішеді. Демек, халықты таза ауыз сумен қамтамасыз ету бағдарламасы өз мәнін жоғалтып, бөлінген бюджет қаражаты босқа шығын болады», - деді Е. Әйткенов Премьер-Министр Әлихан Смайыловтың атына жолдаған депутаттық сауалында.

Депутаттың сөзіне қарағанда, елімізде ауыз сумен жабдықтау саласына екі министрлік жауап береді. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі елді мекендердің ішіндегі мәселеге, ал Экология министрлігі елді мекендерден тыс жерлердегі іс-шараларға жауапты. Осы орайда, бұл қызметтерді бір мемлекеттік органда шоғырландыруды ұсынды.

«Басқаруды ұтымды ету үшін сумен жабдықтау жөніндегі функцияларды бір мемлекеттік органға шоғырландыру мәселесін шешу керек. Сондай-ақ, су құбырларын күтіп ұстау жөніндегі республикалық деңгейде бірыңғай оператор құру мүмкіндігін қарастыру ұсынылып отыр», - деді Ернұр Айткенов.


Соңғы жаңалықтар