Ауылдардағы дәрігер тапшылығы мәселесін шешу үшін жас кадрларды ынталандыру керек - Алтай Көлгінов

None
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысына жұмыс сапарымен келген Премьер-Министрдің орынбасары Алтай Көлгінов Өскемендегі бірқатар нысанды аралады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Алтай Көлгінов қаладағы үстел теннисі орталығының, О.Рыпакова атындағы жеңіл атлетика манежінің жұмысымен танысты. Содан соң көпсалалы гематология орталығының құрылыс жұмыстарын бақылады.

«Гематология орталығы бірегей медициналық нысан болмақ. Мұнда заманауи жабдықтар орнату жоспарлануда. Мамандар жаңа технологиялар бойынша жұмыс істейтін болады. Біз осы орталық үшін кадр даярлаумен айналысудамыз. Соңғы 3 жылда Германияда, Израильде, Ресейде 35 маманды оқыттық. Медбикелер мектебі ашылды. Онда осы орталықта жұмыс істейтін орта медперсоналды даярлауды бастадық», - деді ШҚО денсаулық сақтау басқармасының басшысы Гүлмира Сағидуллина.

ШҚО әкімі Даниал Ахметовтың айтуынша, мұндай орталық Ресейде де, Орталық Азияда да жоқ. Содан кейін Премьер-Министрдің орынбасары бастаған делегация облыстық ана мен бала орталығына барды.

«Ауылдарда медицинана дамыту үшін ел бойынша 600-ге жуық нысан салынады. Тағы 32 ауданаралық аурухана жаңғыртылады. Өскеменде бой көтеретін заманауи гематология орталығы өңірдің медицина сервисінің сапасын арттыру үшін өте маңызды. Медициналық жабдықтар бойынша денсаулық сақтау министрлігі жәрдем көрсететін болады. Жалпы, денсаулық сақтау жүйесі бойынша байыпты жұмыс істеп, елді мекендердегі дәрігер тапшылығы мәселесін шешуіміз керек. Ол үшін аудандарда жұмыс істеуге жас кадрларды ынталандыру мақсатында көтерме жәрдемақы бөлу қажет. Қаржы мөлшері де жоғары болған жөн», - деді Алтай Көлгінов.

Соңғы жаңалықтар