Ауылдарда жаттығу үшін барлық жағдай жасалған - Жамбыл облысынан Tartyl Fest финалисі

None
ТАРАЗ. ҚазАқпарат – Жамбыл облысы Меркі ауданы Меркі ауылының тұрғыны Берік Айдабосынов Tartyl Fest турнирінің ақтық кезеңіне дайындалып жүр. Ол өңірлік кезеңде 30 жастан асқан және 80 келіге дейінгілер санатында жеңімпаз атанған болатын, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

- Берік, өзіңіз жайлы аздаған мәлімет бере кетсеңіз...

- Меркі ауданының Меркі аулында тұрамын. Жасым 35-те, үйленгенмін. Спортқа бала кезімнен әуеспін әрі өз бетімше айналыстым. Қазір де жаттығуды жалғастырып келемін. Екі жоғары білімім бар – инеженерлік және спорттық. Алматыдағы технологиялық университетте «инженер-технолог» мамандығы бойынша білім алдым. Алматыда студент болып жүргенімде 4 жыл бойы күреспен айналыстым. Бірақ, инженерлік білімім жеткіліксіз болғаннан кейін Тараз мемлекеттік университетін «дене тәрбиесі және спорт» мамандығы бойынша бітірдім.

Спорт жаныма жақын екен. Қазіргі уақытта осы екінші мамандығым бойынша еңбек етіп, аудан орталығы Меркі ауылындағы №5 мектепте дене шынықтырудан сабақ беремін. Балаларға қазақтың ұлттық ойыны тоғызқұмалақты үйретемін.

- Спортқа әуестенуіңізге не түрткі болды?

- Түсіндіру қиын. Ешкім мәжбүрлеген жоқ, өз еркіммен айналыстым. Тәлімгерім, жаттықтырушым болған емес. Достарымызбен бірге өзіміз айналысайық деп шештік. Бұл жай ғана спортқа құмарлық та шығар. Спортпен мектебіміздің спорт залында күнара айналысып тұрамын. Штанга көтеріп, турникке тартылып, теннис ойнаймыз, өзге де спорт түрлерімен айналысамыз. Осыдан екі жыл бұрын Меркіде өткен аудандық жарыстарда спорттың әр түрінен жеңімпаз атанып, сыйлыққа, медальге ие болған едім. Осы жайт спортпен одан ары айналыса беруіме түрткі болған сияқты. Спорт түрлерінің ішінде турникке тартылу қатты ұнайды.

Айта кетерлігі, Таразда өткен облыстық жарысқа Меркіден құрама команда болып барып, турник, штанга сынды спорт түрлерінен сайысқа түстік. Нәтижеміз жаман емес.

- Өткен жылы Таразда өткен турникке тартылу жарысынан алған әсеріңізбен бөліссеңіз...

- Тараздағы Tartyl Fest турниріне қатысты айтар болсам, оған қатысуға ниет танытқандар өте көп болды. 472 қатысушы тіркелді. Бірақ, ниет танытқандардың қатары одан да көп еді. Осы облыстық турнирде мен 30 рет тартылып, жеңіске жеттім.

- Қазақстанда Tartyl Fest турникке тартылу фестивалі өтетіндігін қайдан білдіңіз?

- Tartyl Fest жайында Instagram-нан кездейсоқ білдім. Бұған дейін оның ұйымдастырушысы Айтым Жақыпов жайында да, жалпы мұндай жарыс туралы да білмеген едік. Осыдан кейін бұл жарысқа қатысамын әрі міндетті түрде жеңіске жетемін деп, алдыма мақсат қойдым. Күн сайын жаттығып, барымды салдым.

Таразға көршілес Рысқұлов ауданындағы танысыммен бірге бардым. Ол екінші орын, ал мен бірінші орын алдым. Енді екеуміз күн сайын тынымсыз жаттығып жүрміз.

Қазіргі уақыттағы басты мақсатым – алдағы гранд-финалда жеңіске жету. Әрине, бұл өте қиын болады әрі жауапты іс. Өйткені, ол жерге Қазақстанның ең мықты жігіттері жиналады.

- Салауатты өмір салтын ұстанасыз ба?

- Әрине, нағыз спортты зиянды әдеттермен араластыруға болмайды. Шылым шекпейміз, ішімдік ішпейміз. Салауатты өмір салтын ұстанамыз. Тек, жұмыс - үй - жаттығу. Әр күніміз солай өтеді.

Бүгінде ауылымызда көптеген тұрғын спортқа бет бұрып, жаман әдеттерінен арылып келе жатыр. Достарым да салауатты өмір салтын ұстанады, көпшілігі спортпен айналысады. Қазіргі уақытта ауылдық жерде спортпен айналысуға мүмкіндік бар. Емін-ерін жаттығуға болатын спорт залдары салынған.

Меніңше, «Tartyl Fest» сынды спорттық іс-шаралар жастарымызды салауатты өмір салтын ұстануға, спортпен айналысуға, өздерін дамытуға, өмірлерін дұрыс құруға өте жақсы ынталандыра алады.

- Отбасыңыз қолдау білдіре ме?

- Иә, ата-анам, жұбайым және екі қызыммен тату-тәтті өмір сүріп жатырмыз. Үлкен қызым 7 жаста, бірінші сыныпта оқиды. Кіші қызым жақында 5 жасқа толады. Қыздарым өте қағілез, менімен бірге жаттығу жасайды. Алдағы уақытта оларды қандай да бір спорт түріне баулимын деп ойлаймын. Егер жүлде ұтып алсам, онда ең алдымен әкем мен шешемді құттықтайтындығым сөзсіз. Ал, одан кейін мүмкіндігінше ханшайымдарыма пәтер алуға жұмсаймын.

- Әңгімеңізге рахмет! Спорттық жетістіктер мен жеңіс тілейміз!

Өткен жылдың шілдесінде Тараз турникке тартылудан спорттық фестивальді қабыл алған төртінші облыс орталығы болған еді. Күші мен ептілігін сынап көруге бел буған әртүрлі жас санатындағы жамбылдықтар турнир көрігін қыздырды. Жамбылдықтар арасында 8 жастағы Арнұр Сұлтанхан турнирдің ең жас қатысушысы атанып, арнаулы сыйлыққа ие болды. Ол турникке 15 рет тартылды. Сонымен қатар, дәл осындай сыйлық турнирдің ең жасы үлкен қатысушысы болған 60 жастағы Оралбек Ақылбекке табысталды.

Tartyl Fest сайысына қатысушылар салмағы мен жасына қарай 9 санат бойынша бақ сынады. Фестивальге қатысушы барлық 20 қала үшін де ереже бірдей – дұрыс әрі барынша көп тартылу.

18 ақпанда Астанада Tartyl Fest турникке тартылудан республикалық турнирінің гранд-финалы өтеді. Гранд-финалға өңірлік іріктеу жарыстары кезінде ең үздік нәтиже көрсеткен 170 спортшы қатысады. Қатысушылардың жасы 14 пен 51 жас аралығында.


Фото: Берік Айдабосыновтың жеке мұрағатынан

Соңғы жаңалықтар