Ауылдарда кәсіпкерлікті қолдау: Микрокредит пен жобаға кепілдік беруге квота бөлінеді

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Шекара маңындағы ауылдарда кәсіпкерлікті қолдау үшін бюджет қаражаты есебінен микрокредит пен жобаларға кепілдік беруге квота бөлу жоспарланып отыр. Ұлттық экономика министрлігі ашық талқыға шығарған Ауылдарды дамытудың 2023-2027 жылдарға арналған тұжырымдама-жобасында осылай жазылған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Шекара маңындағы аумақтардың тартымдылығын арттыру үшін экономика саласын дамытуды және жаңа жұмыс орындарын құруды қамтамасыз ету өте маңызды. Елді мекендердің экономикасын дамыту ауыл шаруашылығы өндірісін, жаңа өндірістерді, халықаралық туризмді, трансшекаралық көлік дәліздерін дамытуды ынталандыру және қолдау, сондай-ақ шекарамаңы ынтымақтастығын дамыту үшін жағдай жасау жөнінде шаралар қабылдау есебінен жүзеге асырылады. Шекаралас аумақтарды дамыту мемлекеттік қолдау шараларын пайдаланудың сараланған тәсілін ескере отырып жүзеге асырылады», - деп жазылған Ашық НҚА порталында жарияланған тұжырымдамада.

Мұнымен қатар, жаңа кәсіп ашып жатқан шекара маңында орналасқан ауылдардың халқына грант негізінде қаржылай қолдау көрсету жоспарланып отыр.

«Шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту үшін жағдай жасау шекара маңындағы аумақтарда тіркелген бизнес субъектілеріне мемлекеттік қолдаудың қосымша шараларын әзірлеуді көздейтін болады. Атап айтқанда, басымдық ауылдық елді мекендерде іске асырылатын жобаларға беріледі. Кәсіпкерлікті дамытуды қолдау құралдары шеңберінде бюджет қаражатын микрокредит беруге және жобаларға кепілдік беруге бөлу кезінде белгіленген квоталар көзделетін болады. Бұдан басқа, ісін жаңа бастаған кәсіпкерлерге шекаралас аудандардың және жергілікті қоғамдастыққа негізделген экономикаларын кластерлеуге ықпал ететін жобаларды іске асыруға гранттық қаржы бөлінеді», - деген жоспарлар баяндалған 5 жылдық тұжырымдамада.

Қоса кетсек, шекара маңындағы климаты қатал ауыл тұрғындарының 1 жылдық еңбек өтілі 1,5 жыл болып есептелмек.

Бұдан бөлек, табиғи-климаттық жағдайы күрделі шекара маңындағы елді мекендер үшін электр энергиясына төмендетілген тариф белгіленеді.


Соңғы жаңалықтар