Ауылдарда арнайы кеңес жұмыс істейтін болады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – 2024 жылдан бастап еліміздің ауылдық елді мекендерінде арнайы кеңес құрылады. Бұл туралы ҚР Ұлттық экономика министрлігі Өңірлерді талдау және жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту департаменті директорының орынбасары Миржан Иманбаев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«2021-2025 жылдарға арналған жергілікті өзін-өзі басқару тұжырымдамасына сәйкес 2024 жылдан бастап елімізде аудан әкімдерінің сайлауы өтпек. Жергілікті өзін-өзі басқаруға қатысты тағы бір жаңалық, ауылдық жерлерде кеңес құрылады. Негізі бұған дейін де ауылдық округтерде жергілікті қоғамдастық деген орган болды, бірақ оның заңды күші болмады. Яғни қоғамдастық тек ұсыныс білдіруге құқылы еді. Енді сол қоғамдастықты кеңес деп атап, оның құзыреті мен қызметін жандандырмақпыз. Кеңес мүшелері сайланып, оларға депутат секілді құзырет беріледі. Кеңес мүшелерін ауыл халқы өзі сайлайды. Кеңес сол ауылдағы мәселелерді назарда ұстап, оның шешілуіне атсалысады. Халық пен әкім арасындағы көпір десек те болады. Елді мекендерде кеңес жұмысын бекітіп, оның мүшелерін сайлау 2024 жылға жоспарланып отыр», - деді Миржан Иманбаев.

Одан бөлек, министрлік өкілі ауыл бюджетіне қатысты жаңашылдықпен таныстырды.

«2018 жылдан бастап ауыл әкімдіктеріне бюджетті басқару құзыреті берілді. Бүгінде ауылдық округтер 6 салық түрі бойынша өз табыстарын қазынаға құйып отыр. Дегенмен бұл 10-15 пайызды ғана құрайды, ал қалған 80-85 пайыз қаражат аудандық бюджеттен қарастырылады. Осы орайда біз ауылдық елді мекендер үшін қосымша салық арқылы кіріс көзін ашпақпыз. Атап айтқанда, 2022 жылы 4 салық және 2024 жылы тағы бірнеше салық түрі енгізіледі. Осылайша 2025 жылы ауыл бюджетінің 3/1 бөлігін өздері қамти алады. Одан бөлек, ауыл бюджетіне қатысты қағазбастылық мәселесі бар, оны жою үшін процесті электронды жүйеге көшіру қарастырылып жатыр», - дейді ол.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, елімізде жергілікті өзін-өзі басқарудың 2021-2025 жылдарға арналған тұжырымдамасы қабылданды.



Соңғы жаңалықтар