Ауылдағы су тапшылығы халықтың қалаларға қоныс аударуына себеп болып тұр – сенатор Жүнісов

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Роман Склярға депутаттық сауал жолдаған сенатор Талғат Жүнісов Ақмола облысы аудандарының тұрғындарын сумен қамтамасыз етудегі проблемаларды көтерді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Депутаттың айтуынша, Ақмола облысындағы Егіндікөл ауданының халқы соңғы 10 жылда 3 есеге қысқарып кеткен. Сенатордың пікірінше, ауылдағы су тапшылығы – халықтың қалаларға қоныс аударуы себептерінің бірі болып отыр. Сонымен қатар, Нұра су құбырынан су алатын Қорғалжын және Атбасар аудандарының тұрғындары да су тапшылығына тап бола бастады. Аудандардың тұрғындары су құбырларының жиі бұзылуына байланысты бірнеше апта бойы сусыз қалуда. 12 ауыл ауызсуды орталық су магистралінен алады, ал 4 ауыл тек жеткізілетін суға сеніп отырады.

«Елу жылдан бері көп өңірлерге қызмет етіп келе жатқан су құбырының бүгінде сау жері қалған жоқ. Мамандардың айтуына қарағанда, құбырдың 90 пайызға жуығы шіріп, қаусап тұр. Құбыр ішіндегі судың 70-80 пайызы шығын болып отыр. 2014 жылы су құбырын жөндеу үшін 400 миллион теңге қаражат бөлінген, бірақ, әлі күнге дейін, жұмыстар дұрыс жүргізілмей, Нұра топтық су құбыры ауыз суды жеткізуге қауқарсыз болып отыр. Облыстық және аудандық бюджеттен жыл сайын қаражат бөлініп, су құбыры ішінара жөнделгенімен, тұтастай тәртіпке келмеген соң мәселе шешілер емес. Ақмола облысы тұрғындарының тұрмыс тіршілігі мен экологиялық тұрғыдан маңыздылығын ескере отырып, су құбырларын жаңарту мәселесін қарастыруға ықпал етуді өтінеміз», - деді Талғат Жүнісов Сенаттың жалпы отырысында.


Соңғы жаңалықтар