Ауылдағы қыз-келіншектер қол күрестіріп жарысты - Ақтөбе

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбе облысы, Әйтеке би ауданы, Ақкөл аулында Наурыз үш күн бойы тойланды. Ауылдың қыз-келіншектері күш сынасып, нысана көздеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақкөл ауылы биыл Наурыз мейрамын 20-ы күні бастады. Үш күн бойы ауылды ән мен жырға бөлеп, спорттық жарыс ұйымдастырылды. Бір ай бойы тойлап, әр күнді мәнді өткізуге уағдаласқан ауылда 27 наурыз күні Әйтеке би көшесінің эстафетасын Абай көшесі жалғастырады.

«Жылда қар кеш еріп, күн салқын болатын еді. Биыл күннің райы керемет болды. Жылы, шуақты күні 100-ден астам үйі бар Ақкөл ауылы бірігіп, Наурыз думан өткізді. Бар болғаны 3 көшеміз бар. Әйтеке би көшесінің 41 үйіне арнап әлеуметтік желіде топ ашылды. Үш күніміз той-думанға толы болды. Арқан тартыс, қол күреске әйелдер қатысты. Ер адамдар гір тасын, зілтемір көтерді. Ұлттық киім ауыл халқының сәні болып, 47 метрлік дастархан жайылды. Дастарханға әр үй қолда барын әкеліп, дархандық танытты», - деді Ақкөл клубының меңшерушісі Бибізада Дауылбаева.

Қол күрестен бірінші орынды Ақерке Кенжеғұлова алса, арқан тартудан Жазира Әйтенованың командасы жеңді. Ерлер арасырда арқан тартудан Абай Қалиевтің командасы басым түсті. 2 шақырымдық жүгіруді Данияр Ғалламов бірінші болып еңсерді. Жасөспірімдер арасындағы күресте Аслан Амангелді жеңімпаз атанды. Мергендер сайысына қыз-келіншектер қатысып, Роза Өскенбаева жеңіске жетті.

«Біз үшін Наурыздың орны ерекше болды. Мектепте үстел теннисі, жүрігуге қатысып, жүлдегер атанып жүрдім. Мейрам күні қол күресіне қатыстым. Алғашында 6 адам қатысты. Жеңіске жеткендері бір-бірімен күш сынады. Соңында жеңіс менде болды. Өзімнің екі балам бар, қазір бала күтімімен үйде отырмын», - деді Ақерке Кенжеғұлова.

Айта кетейік, мереке күні ағашқа өрмелеп, шапшаң қимылдаған ауыл тұрғыны Ердәулет Исағұлов болды. Ал 115 рет тоқты көтерген Қуаныш Көжекбаев жеңімпаз атанды.

Соңғы жаңалықтар