Ауылдағы денсаулық сақтауды жаңғырту туралы ұлттық жоба әзірленді

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Ауыл тұрғындарының денсаулық жағдайын жақсартуға арналған «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» жобасы әзірленді. Бұл туралы ҚР Денсаулық сақтау министрі А. Ғиният айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Министрдің айтуынша, жоба үш міндетті қамтиды: бірінші - жетіспейтін медициналық-санитариялық алғашқы көмек ұйымдарын салу арқылы барлық ауылды медициналық инфрақұрылыммен қамтамасыз ету. Екінші – заманауи медициналық жабдықтары бар көпбейінді ауданаралық орталық ауруханалар желісін ұйымдастыру. Үшінші – ауылдық денсаулық сақтау объектілерін медицина кадрларымен қамту.

«Өңір әкімдіктерімен бірлесіп 655 медициналық-санитариялық алғашқы көмек объектісінің, оның ішінде 253 – медициналық пункттің, 160 - дәрігерлік амбулатория мен 242 – фельдшерлік-акушерлік пункттің құрылысы бойынша дайындық жұмыстары басталды. 32 көпбейінді аудандық орталық ауруханамен қамту – жұмыс істеп тұрған 12 аурухананы жаңғырту және 20 жаңа аурухананы салуды көздейді», - деді А. Ғиният Үкіметтің бүгінгі отырысында.

Сонымен бірге, инсульт және кардиологиялық, реанимация және қарқынды терапия, аз инвазивті хирургия, травматология және оңалту бөлімшелерін ашу жоспарлануда. Оған қоса, аудандық орталық аурухананы заманауи медициналық жабдықтармен, оның ішінде КТ, МРТ, ангиограф, сараптамалық кластағы ультрадыбыстық зерттеу, эндоскопиялық, реанимациялық, медициналық оңалтуға арналған жабдықтармен жарақтандыру және күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу көзделген.

«Ұлттық жобаны қаржыландыру биылғы 15 қарашада Республикалық бюджет комиссиясының отырысында мақұлданды. Жоба республикалық бюджеттен 217,7 млрд теңге көлемінде қаржыландыруды талап етеді», - деді Денсаулық сақтау министрі.


Соңғы жаңалықтар