Ауылдағы баспана: 2025 жылға дейін 76 ауданда 2 855 тұрғын үй салынады

Фото:
АСТАНА. ҚазАқпарат – Ауыл халқын баспанамен қамту үшін 2025 жылға дейін 76 ауданда 2 855 тұрғын үй салынады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бұл туралы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің орынбасары Еркебұлан Дауылбаев Сенаттың үкімет сағатында мәлім етті.

«Ауылды мекендерде өмір сүруге деген қызығушылықты арттыру және халықтың қалаға көшуін азайту үшін ауылдағы тұрғын үй құрылысын ынталандыру тетігі пысықталды.

Үй пайдалануға берілгеннен кейін жұмыс берушілердің шығындарын салынған тұрғын үй алаңының 50%-ы мөлшерінде субсидиялау жоспарланған.

Ол үшін үйдің жалпы алаңы 100 шаршы метрден аспауы тиіс, асып кеткен жағдайда тек 50 шаршы метр субсидиялауға жатады.

Тұрғын үй жұмыскерлермен 5 жылдық мерзімге еңбек шарты болған кезде беріледі.

Жедел деректер бойынша өңірлерде барлығы 2 855 тұрғын үй құрылысын бастау жоспарланған», - деді министрдің орынбасары.

Ведомствоның анықтамасына сүйенсек, аталған жобаларды ұсынған 76 ауданның әкімдігі бюджеттен 2025 жылға дейін 14,3 млрд теңге сұрап отыр.

«Тұрғын үй саясатын реформалау туралы заң жобасында біздің министрлікке ауылда үйлер салатын жұмыс берушілерге құрылыс шығындарын субсидиялау қағидаларын әзірлеу және бекіту жөніндегі құзыретті беруді ұсынылған.

Министрлік қажетті ереже жобасын дайындаған. Ол құжат жария талқылау рәсімінен, сыбайлас жемқорлыққа қарсы сараптамадан және аккредиттелген ұйымдардың сараптамасынан өтті», - деді Еркебұлан Дауылбаев.


Соңғы жаңалықтар