Ауылдағы әрбір адам дәрігерлердің қатаң бақылауында

None
None
ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат - Алматы облысы Көксу ауданындағы Алғабас дәрігерлік амбулаториясының меңгерушісі, 30 жылдық тәжірибесі бар білікті дәрігер Бақытгүл Жандарбек ауылдағы медицинаның қазіргі жағдайымен бөлісті. Шалғайдағы ақ халаттылар қандай қиындықтарға тап болып жүр, ауылдағы науқас пен дәрігер арасындағы байланысқа және дәрігерлердің бүгінгі беделіне қатысты бірқатар сұрақтарға жауап берді. Айта кетейік, Бақытгүл Жандарбек «Денсаулық ісінің үздігі», Елбасы Н.Назарбевтың «Алғыс хатымен» және «Құрмет грамотасымен» марапатталған.

- Бақытгүл Аятқызы, ауылдағылар ұстаз бен дәрігерді қатты құрметтеуші еді. Олар туған жердің интеллигенциясы саналатын. Дәрігерлер қазір де қадірлі ме?

- Ауылдағы дәрігердің беделі бүгінде де биік. Басы ауырып, балтыры сыздаған жан көмек сұрап бірінші бізге келеді. Мүмкіндігіміз жеткенше емдеуге тырысамыз. Оның үстіне қаладағыдай ағылған адам жоқ. Әр тұрғынды тегімен танимыз. Сондықтан, ауылдағы науқас пен дәрігер арасындағы қарым-қатынас ерекше деуге болады. Өзінің ғана емес, бүкіл отбасының жағдайын сұрап, денсаулығына көңіл бөліп жүрген ақ халаттыларды кім болса да сыйлайды. Мұны мен отыз жылдан астам тәжірибеме сүйене айтып отырмын. Өзім де түрлі ауруды емдеп, жұрттың алғысын алдым.

- Ауыл тұрғындары көбіне республикалық ауруханаға барғысы келеді. Азаматтардың қалаға артқан үміті үнемі ақталып жүр ме?

- Қажет болған жағдайда науқас БҰДСЖ бойынша порталмен жоспарлы түрде республиканың кез-келген жеріне барып ем қабылдай алады. Егер біздің мүмкіндігіміз болмаса, бірден орталыққа жолдама жазып береміз. Мысалы, екі науқасты жүрегіне операция жасату үшін Алматыдағы Сызғанов атындағы ұлттық ғылми хирургия орталығына жібердік. Ал Алғабас ауылындағы дәрігерлік амбулаторияға жылына 330-340 адам емделеді. Қалада емделгендер: «тура ауылдағы әдіспен қарады, дәрі-дәрмек те сол, айырмашылығы жоқ екен», - деп келеді.

- Қала мен ауыл адамдарының өз денсаулығына деген жауапкершілігін салыстырып қарасақ, айырмашылық бар ма? Жалпы, жұрт Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі, оның пайдасы жайлы хабардар ма?

- Ауылдағы дәрігерлер өз міндетін біледі. Ақ халаттылар жұмысын толық атқарғанымен, тұрғындар арасында денсаулығына немқұрайлы қарайтындар көп кездеседі. Бізде денсаулық мәдениеті әлі де болса төмендеу. Медбикелер үйлерді аралап, адамдардың соңына түсіп жүріп флюорографияға түсіреді. Қайта қалаға қарағанда ауыл тұрғындары қатаң қадағалауда. Шаһарларда 5-10 жыл медициналық тексеруден өтпегендер де кездеседі. Осыдан 30 жыл бұрын біздің ауылда адам өлімі жылына 20 жететін, қазір 6-8 адам. Ал Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандырудың пайдасы туралы ауыл тұрғындары хабардар. Ауданнан, әкімдіктен мамандар келіп, талай рет түсіндірді.

- Дәл қазір ауылдағы науқастар үшін не маңызды? Аудандық емханада жалпы тәжірибелі дәрігердің жүктемесі қандай? Елді мекендерде қандай мамандар жетіспейді?

- Ауылдағы науқасқа дер кезінде және сапалы медициналық көмек алу өте маңызды. Қазір шалғайдағы медициналық мекемелерде маман, заманауи аппараттар жеткіліксіз болғандықтан, науқастар қала, ауданнан ем іздеуге мәжбүр. Ал дәрігерлердің жүктемесі ауыр. Тұрғындар денсаулығына деген жауапкершілікті өз мойнына алып, салауатты өмір салтын ұстанбайынша ақ халаттылардың жұмысы жеңілдемейді. Ауданда эндокринолог, невропотолог, кардиолог , окулист мамандар жетіспейді. Ауылдық жерлерде жалпы тәжірибелі дәрігерлер тапшы. Жас мамандарды ауылға тарту үшін, жоғары жалақы төлеп, ауылдық жерлерде инфрақұрылымдарды дамыту қажет. Дәрігерлердің жетіспеушілігі жалпы республика бойынша өзекті болып тұрған мәселе. Оған себеп, жас әрі білікті мамандардың шалғай мекендерге барудан бас тартуы. Баспананың жоқтығы мен жалақының төмендігі тағы бар.

- Кей ауылда ауруханалар қираудың алдында тұр. Ал енді бір жерлерде, керісінше, бәрі бар: маман да жеткілікті, медициналық құрылғылармен жабдықталған. Сонда мәселе неде?

- Біздің ауылда ауруханалардың жалпы жағдайы жақсы, мамандар да жеткілікті. Зертханамыз бар. Ал көршілес ауылдар мен аудан орталықтарында маман тапшылығы сезіледі. Ал ғимараты тозған ауруханаларға жергілікті билік көңіл бөлуі тиіс. Сондай-ақ, қазір елді мекендердегі ауруханалар сандық жүйеге, электронды тіркеуге көшкен. Бірақ, бізде интернеттің жылдамдығы өте төмен. Тұрғындарға бұл да кедергі келтіреді.

- Фельдшерлік-акушерлік пункт ауыл тұрғынына қандай қызметтер көрсетеді?

- Алғабас дәрігерлік амбулаториясына бекітілген Қызылтоған медициналық пункті бар, ол тұрғындарға алғашқы медициналық-санитарлық көмекпен қатар ем қабылдау, салауатты өмір салтын насихаттау, екпе жасау, тұрғындарды медициналық скринингтен өткізу, жүкті әйелдер мен балаларға бақылау жүргізу, аурудың алдын алу шараларын атқарады.

- Денсаулық сақтау министрлігі ауыл медицинасына ерекше көңіл бөліп, жүйені өзгертуге тырысып жатыр. Бұл реформа ауылдағы ауруханаларға қалай әсер етуде?

- Реформа аясында ауылдағы ауруханалардың материалдық-техникалық базасы жақсарды. Дәрі-дәрмек тегін. Тұрғындар тұрақты түрде срининг өтеді. Дәрігерлердің жағдайы да көңіл толарлықтай. Науқастар көмек пен дәрі-дәрмекті уақытылы алып отыр. Тұрғындарда БҰДСЖ бойынша еліміздегі кез-келген ауруханаға барып емделуіне мүмкіндік бар.

- Ал медициналық оқу орнын жаңа бітіріп, ауылға келген жас мамандардың біліктілігіне қандай баға берер едіңіз?

- Оқу бітіріп, ауылға келген жас мамандардың білімі мен біліктілігіне қанағаттанарлық деген баға берер едім. Жұмыс көп, шыдай алмайды. Оларға жоғары жалақы керек. Мен өз басым туған ауылыма 31 жыл адал қызмет етіп жүргенімді мақтан тұтамын, еш өкінбеймін! Еңбек жолында небір қиыншылықтар мен қуаныштың куәсі болдым.

- Сіз денсаулық сақтау саласындағы мәселелерді жақсы білесіз. Өзіңіз нақты қандай проблеманы жиі кездестіресіз? Мәселені шешудің тиімді әрі тез жолы бар ма?

- Денсаулық сақтау саласында түрлі проблемалар отбасында тәрбиенің дұрыс болмауынан, дұрыс тамақтанбау, ішімдік пен шылым шегу, салауатты өмір салтын сақтамаудан шығады. Бұл мәселелерді шешу үшін баланы ана құрсағында жатқаннан бастап тәрбиелеу қажет.

Соңғы жаңалықтар