Ауылда дауыс беретін халық көп - Төлеутай Рахымбеков

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - ҚР Президенттікке кандидат Төлеутай Рахымбеков ауыл халқының дауыс беруіне қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Мен өзім азаматтық құқығымды алғаннан кейін бір нәрсені байқадым. 1982 жылы студент болып жүргенде бірінші рет дауыс бердік қой. Содан бері байқағаным, ауыл тұрғындары сайлауға өте белсенді қатысады. Қайта қалалар, соның ішінде ірі қалалар ондай белсенділік көрсетпейді. Ауылдағы халық бір-бірін жақсы біледі ғой. Сайлау учаскесінде кездесіп, сұхбаттасуға жиналады. Сосын бір-бірінен ұялады. Неге бармай қалдың? Неге дауыс бермедің? Сондай сұрақтар болады. Ауылда ондай бар ғой» - деді Т.Рахымбеков ҚазАқпарат тілшісіне берген сұхбатында.

Оның айтуынша, бүгінде халықтың 43 проценттен астамы ауылда тұрады. Ал қаланың өзінде ауылдан шыққан азаматтар көп. «Сондықтан біздің сеніміміз мол. 50 процент + 1 дауыс жинаймыз деген үмітіміз бар. Енді, нақты бір карсыласым бар деп айта алмаймын. Дегенмен, әрбір кандидатқа құрметпен қарауымыз қажет. Барлығы бірдей», - деп атап көрсетті Т.Рахымбеков.

Айта кетейік, бүгін ҚР Орталық сайлау комиссиясы Төлеутай Рахымбековке ҚР Президенттігіне кандидат куәлігін тапсырды. Хаттамаларға сәйкес, Қазақстанның барлық өңірлерінен 122 309 азаматтың қолы жиналды. Соның 120 754-ті расталды. Ал кандидат жинаған қолдардың қажетті саны кемінде 118 140 болуы керек. Осылайша, Төлеутай Рахымбеков 2019 жылғы 9 маусымға тағайындалған ҚР Президентінің кезектен тыс сайлауына кандидат ретінде ресми түрде тіркелді.

Соңғы жаңалықтар