Ауылда баспана салған жұмыс берушілерге шығынның 50 пайызы төленеді
2021 жылғы 14 сәуір 12:02

Ауылда баспана салған жұмыс берушілерге шығынның 50 пайызы төленеді

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Индустрия және инфрақұрылымдық даму бірінші вице-министрі Қайырбек Өскенбаев ауылды жерде өз қызметкерлеріне баспана салған жұмыс берушілерге құрылыс шығындарының 50 пайызын субсидиялау қалай іске асатынын түсіндірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Сондай-ақ, ауылда тұрғын үй салу тетігін енгізуді ұсынып отырмыз. Бұл тетік бойынша Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес ауылдарда қызметкерлер үшін тұрғын үй салу кезінде жұмыс беруші шығындарының 50%-ын субсидиялау көзделген. Яғни, жұмыс берушілер сол ауылда өзіне қажет мамандарға үй салу үшін ақша жұмсаймын десе, жергілікті әкімшіліктерге тізімін береді. Әкімшіліктер ол тізімді бізге жолдайды. Біз ол жобаларды тексергеннен кейін рұқсат береміз. Осылайша ауылда жұмыс беруші азаматтар өз қызметтеріне үй салғаннан кейін оған кеткен шығынның 50 пайызын мемлекет субсидия арқылы қайтарып береді», - деді вице-министр орталық коммуникациялар қызметінде.

Оның айтуынша, қазіргі таңда 76 ауданда 2 855 тұрғын үйге қажеттілік бар. Яғни олардың құрылысын субсидиялау үшін республикалық бюджеттен 14,3 млрд. теңге бөлу қажет.

Осы шарада вице-министр баспана кезегіндегілердің тұрғын үй жалдау шығыны қалай субсидияланатынын түсіндірген болатын.

Қайырбек Өскенбаевтың айтуынша, бұдан былай баспана кезегінде базаға қайта енгізуге жол берілмейді.


Ұқсас жаңалықтар

Jańalyqtar

Үрдіс

MURAǴAT