Ауылда асфальт зауыты салынып жатыр - Ақмола облысы

None
None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Ақмола облысының Жарқайың ауданында асфальт зауытының құрылысы жүргізілуде, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі өңірлік коммуникациялар қызметіне сілтеме жасап.

Бұл зауыт негізінен «Жезқазған - Петропавл» республикалық маңыздағы тас жолын қалпына келтіру жобасы аясында жүзеге асырылуда.  Мердігерлер зауытты шілде айының соңында іске қосуды жоспарлап отыр.

Жаңадала ауылдық округінде зауыттың құрылысына 1 гектар жер телімі арнайы бөлінген. Өңірдің өркендеуіне серпін беретін инвестициялық жобаның құны 100 миллион теңге. Мұнда сағатына 100 тонна өнім өндіріледі. Мердігерлік ұйым «СтройТехРесурс» ЖШС құрылыс жұмыстарында жергілікті 10 адамды еңбекпен қамтып отыр. Олардың барлығы да заманауи қондырғыда жұмыс істеудің қыр-сырын үйренуде.

Жаңадала ауылдық округінің әкімі Көкетай Хамзиннің айтуынша, кәсіпорында өндірілген асфальт осы маңдағы жолдарды жөндеуге жұмсалмақ. Бұл уақытты, әрі қаржыны үнемдеуге мол мүмкіндік беретін көрінеді.

«Ауылымызда осындай кешеннің ашылып, тұрғындардың жұмыспен қамтылуы ауылдың дамуына жаңа леп береді деген ойдамыз. Бірнеше жылдар бойы ауылдастарымыз жолдың тауқыметін тартқан еді. Енді міне, тұралап қалған тас жолға жан бітіп, жол қатынасы жандана түспек. Осы жолды жөндеуге өз асфальтымызды пайдаға асыратынымыз көңілге қуаныш сыйлайды», - дейді округ әкімі. 

Соңғы жаңалықтар