Ауыл жастарын спортқа баулыған зейнеткер 30 мыңнан астам шақырым жүгірген

Фото: None
ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат – Қарағанды облысының Шет ауданындағы Ақжал кентінде тұратын 72 жастағы Әжібжан Жанаспаев 35 жылда 31 мың шақырымды жүгіріп өткен. Қазірдің өзінде спортпен шұғылданатын зейнеткер кент жастарын тегін бірнеше спорт түрінен жаттықтырады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

72 жастағы Әжібжан Жанаспаев таңмен таласа тұрып, таза ауада жүгіріп, бой сергітеді. Зейнеткер 35 жыл бойы жылдың кез-келген мезгілінде осы әдетінен жаңылмай келеді. Бірнеше шақырымды артта қалдырған соң біраз жаттығу жасап, қайта жалғастырады екен. Қариядағы сарқылмас қуаттың құпиясы осы.

«37 жасқа келгенде неше түрлі аурулар жабыса бастады. Жұмыста жастарға ілесе алмай қалдым. «Күнде ертеңнің құдығы ашылмайды» демекші, сол күнде ертең деп жүргенде уақыт өтіп кетеді. Содан бір күні күнделік аштым. Ал күнделік адамды тәрбиелейді», - дейді Шет ауданының құрметті азаматы Әжібжан Жанаспаев.

Әжібжан Төкенұлы қанша қашықты еңсергенін бірден күнделікке жазып қояды. Бұл 1986 жылдан бергі әдеті. Қазір 23 дәптер толған. Жыл соңында нәтижесін шығарып, жүгірген шақырымы бойынша алдағы жылға жоспар құрады. Желаяқтың 35 жылда қолжеткізген жалпы қашықтығы 31 мың шақырымнан асады.

Жүгірген соң міндетті түрде белтемірге тартылып, кеудесін жерден көтеріп, біраз шынығады. 72 келі салмақтағы зілтемірді оңай көтереді.

Ақжал кентіндегі оқушыларын Әжібжан Жанаспаев футбол спортына баулып келеді. «Теңбіл допты тәуір тебетін таланттарды жазбай танимын» дейді өзі. Күнделікті дайындық барысында жас футболшылардың шеберлігін шыңдап, түрлі әдіс айлаға машықтандырады. Нәтижесінде шәкірттері талай жүлдені қанжығалаған.

«Кейде шаршап жатамын. Бармасам да болар, демалайыншы деп ойлаймын. Бірақ беттері қызарып келіп тұрады «Ағай, дайындық бола ма?» деп. Сонан соң қалай жата бересің? Амалсыздан тұрып, барып дайындаламыз», - деп әзілдейді зейнеткер.

Бапкер балаларға білгенін үйретуден жалықпайды. Бастысы еңбегін бұлдамайды, бәрі тегін. Бұл іске оны ешкім мәжбүрлемейді де. Жүрегінің қалауы. Осылайша ақжалдық ағайынға қарт волонтер атанып отыр.

Қарт волонтер шахмат үйірмесіне де жетекшілік етеді. Ақжал кентіндегі екі мектепте 50-ден астам оқушыны ақыл-ой зияткерлік ойынына баулып келеді. Жуырда шәкірттері шахматтан өткен облыстық турнирдан жүлделі екінші орынды иеленіпті.

Әжібжан Жанаспаев 50 жыл табан аудармай Ақжал кен байыту фабрикасында еңбек еткен. «Қазвольфрам» өндірістік бірлестігіндегі тау-кен цехында бұрғылаушылардың бригадирі, механик болды. Іскерлігі мен ұйымдастырушылық қабілеті өз алдына бөлек әңгіме. Тіпті КСРО Халық депутаты ретінде өндірістік орындардағы жұмысшы құқығын қорғап, қолдаған кездері болыпты.

Қария бес музыкалық аспапты меңгерген. Домбыра, баян, пианино, гитара, балалайка. Ақжал кентіндегі зейнеткерлерден ансамбль құрғаны тағы бар. Қазір оқушылардан жасақталған «Шабыт» ансамбліне жетекшілік етеді.

Музыка зейнеткердің жанына дауа. Сырласына айналған. Былтыр марқұм болып кеткен өмірлік жарына арнап күй толғау да шығарыпты. Отбасының отанасы Гүлзада Күдесқызы да саналы ғұмырын білім беру саласына арнаған. География пәнінің мұғалімі әрі мектеп директоры болған. білім саласының үздігі болған. Ерлі-зайыпты 3 бала өсіріп, сапалы білім мен тағылымды тәрбие берген.


Соңғы жаңалықтар