Ауыл тұрғыны екіқабатты үйінде балалар оңалту орталығын ашпақ – ШҚО

None
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысы Зайсан ауданында тұратын әйел екіқабатты үйінде балалар оңалту орталығын ашпақ, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Зайсан ауданы Дайыр ауылының тұрғыны Мейірбану Андарбаева ерекше ұсыныспен ШҚО әкімі Даниал Ахметовке келді. Ол өзінің екіқабатты үйін балалар оңалту орталығын ашу үшін аудан әкімдігінің балансына беруге дайын екендігін жеткізді.

«Әрине, мұндай ұсыныс қолдауға тұрарлық. Әсіресе Дайыр ауылдық округінде церебральды сал ауруы диагнозы қойылған 36 және әр түрлі диагнозды балалар бар. Олардың барлығына арнайы әлеуметтік қызмет қажет. Мен аудан әкімдігіне осы ғимаратты көріп, оның балаларды оңалту орталығына жарамдылығын тексеруді тапсырдым. Содан кейін барлық қажетті құжаттарды рәсімдеп, жөндеуді бастауға болады», - деді аймақ басшысы.

Оның айтуынша, бұл іске білім басқармасының, жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасының мамандары да жұмылдырылады.

«Осындай орталық балаларға қажетті медициналық және басқа да қызметтерді алуға зор мүмкіндік береді. Мейірбану Исабекқызының ұсынысы отансүйгіштіктің, туған ауылға деген сүйіспеншіліктің жарқын үлгісі», - деді Д.Ахметов.


Соңғы жаңалықтар