Ауыл тұрғыны: Арманым – қымыз өндіруде жаңа технологияларды қолдану

None
Фото Қуатбек Ақышевтың жеке мұрағатынан
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысы Бірлік ауылының тұрғыны Қуатбек Ақышев бірнеше жылдан бері жылқы бағып, бие сауып, таза әрі қажырлы еңбегінің нәтижесін көріп отыр. Бір-екі биеден бастаған шаруашылығы бүгінде шағын фермаға айналған. Жеті қазынаның бірі, ер қанаты, мінсең көлік, жесең ет, сүтін ішсең шипалы сусын – жылқы өсіруді кәсіп еткен еңбекқор азаматты ҚазАқпарат тілшісі әңгімеге тартқан еді.

- Қуатбек Әшкенұлы, төрт түліктің ішінен неге таңдау жылқыға түсті?

- Жылқы өте таза мал, адамға жақын, есті, әрі жылқыны баққаның үшін сауабы да мол.

Өзіміз ес білгелі үйден қымыз үзілген емес. Жаз бойына қымыз болатын біздің үйде. Кейін ауылдар құлдырап, тұрмыс қиындап, шаруашылықтар құрып, елді жұмыссыздық басып, қиналған кезде сол үйдегі бір-екі биені сауып, соның қымызын көлік ағылған тасжол бойында тұрып сатып, сөйтіп қант-шайды айырып отырған кездер болды.

Ауылда отырғаннан кейін мал ұстау керек, немен айналыссам екен, қайсысын өсірсем екен деген сұрақ туды. Жан-жақты талдау жасадым, ойлана келе жылқыға тоқтадым. Өйткені жылқыны қатты жақсы көрем,ең алдымен тазалығы үшін. Мал ішінде аязға төзімдісі де жылқы. Еркін жайылымда аязда жүрген жылқылар құйрығын желге тосып, жайыла береді.

- «Жылқы – төрт түліктің төресі» деп жатамыз. Бұл қандай жануар, жылқының қасиеті неде?

- Жылқының бір қасиеті өте сезімтал мал, адамды көргеннен-ақ оның ішкі жан-дүниесін сезіп қояды, қандай көңіл-күймен келе жатырсың, ашулысың ба, жоқ қуанып келе жатырсың ба. Оның түйсігі жақсы жетілгені ғылыми тұрғыда дәлелдеген. Жалпы, көру, есту, иіс сезу қасиеттері жақсы дамыған жануар. Судың тазасын ішіп, шөптің құнарлысын ғана таңдап жейді. Шөлдеп тұрса да лай су ішпейді. Тіпті өзенді кешіп жүріп, тұнығын таңдап ішеді. Мінезі кірпияз.

Жылқы жарақат алса да, жаздың аптап ыстығында құрттамайды, бұл қасиет жануарлар ішінде жылқыға ғана тән, ашық жараға шыбын қонбайды.

- Сізді таң қалдыратын кездері бола ма?

- Осы уақытқа дейін жылқыны қанша танып-білдім десем де, әр кез оның жаңа қырларын көріп, әлі де толық білмейтініме көзім жетіп келеді.

Мәселен, жылқының қалың қардың астынан көктеген шөпті дәл тауып, тұяғымен қопарып жегеніне таң қаламын. Тексеру үшін ол тебіндеген жердің айналасын әдейі күрекпен аршып көрдім, басқа еш жерде шөп жоқ.

- Жылқының сүйсініп жейтін азығы – бетеге екенін білеміз. Жалпы, жылқының күтімі жайында айтып беріңізші. Оны баптауда неге мән берген жөн?

- Жылқының әртүрлі тұқымына аса қызықпаймын. Өзіміздің жерге бейімделген, осы жақтың суығына, қары мен ыстығына және масасына шыдап беретін қазақы тұқым – аяқтары қысқа, кесек денелі, мойны жуан – сондай биелерді өзім ұстаймын.

Кез келген шаруада өз қиыншылықтары болады ғой. Мұнда жылқының қыстан шығуына мән беріледі. Мен өзім далада жайылып жүрген жылқыға әрдайым жемін, сабан апарып беремін. Қыстан азып шыққан малдың көктемде құлындауы қиын болады немесе құлын тастауы мүмкін.

Құлыны әлсіз боп тууы мүмкін. Осындай жағдайлар болмас үшін малды жақсы күйде ұстау қажет. Тамағын өзі тауып жейді деп үйде жата берсең, күйі кетіп, ауруға ұрынады. Ол дегеніңіз – шығын, бір биенің құлынынан айырылып қалсаңыз, бір жыл бойы биені тегін бағып шыққаныңыз.

Жазда жылқыны таңсәріден жіберіп, жайып алу керек күн шығып кетпей тұрып. Күн ыстықта мал оттай алмайды, кешкісін маса маза бермейді. Күн ыстықта көлеңкеде, алдында таза су тұруы керек.

Қазіргі кезде жылқылардың небір аурулары да көбейіп кетті. Басқа үйірден әкеліп қоса бермеу керек, айғырды алғанда да зерттеп, талдап барып үйірге қосқан жөн. Ауру мал келсе, ол басқаларына жұғып, бар еңбекті еш етеді.

Азығына да өте ұқыпты болған жөн. Өте нәзік жануар. Дұрыс сақталмай көгерген, мұзы бар жемшөп болса, ол бірден зиян келтіреді. Жайылған жылқы таңдап, екшеп жейді, ал қамауда тұрса амалсыздан, аштықтан жейді.

- Қымыз көптеген ауруға ем екені бесенеден белгілі...

- Отбасымыздың басынан өткен жағдайды айтып берейін. Бұған дейін айтқанымдай, біздің үйден мен ес білгелі қымыз үзілген жоқ. Соған себепші болған марқұм анамыз. 1972 жылы анам өкпесіне суық тиіп қатты ауырды. Ауруханаға жатқызады, тексере келе дәрігерлер жанын қинаған дерттің туберкулез екендігін анықтайды.

Емдегенімен, еш нәтиже болмайды, жағдайы ауырлай береді. Бірде анам «осы кісінің халі барған сайын нашарлап барады, беті бері қарамайды ау» деген палатада жатқандардың сөзін естіп қалады. Әкем келісімен «алып кет, не де болса балаларымның қасында болайын» деп жалынады.

Әкем дәрігерлермен сөйлесіп, анамның жағдайын сұрайды. Олардың беріп жатқан дәрілері сіңбей, асқазанға жиналып қалған екен. Оны тазалағанымен, жағдайы жақсармайды.

Нәтиже болмағаннан кейін әкем анамды үйге әкеледі. Ол кезде әжемнің көзі тірі. Келініне деп арнайы бие байлап, дерті меңдеген анама саумалды әлсін-әлсін ішкізе берген екен. Сол саумалмен анамды аяққа тұрғызады. Кейін қымызға көшіреді. 3,5 айдан кейін анам тексерілуге барған кезде дәрігерлер таң қалады.

Содан бері біздің дастарханнан қымыз үзілген емес. Ол кезде бір бие ғана ұстайтынбыз. Жаз келісімен биені байлап, жылда қымыз ішетінбіз. Кейін қысылтаяң шақта да қымыз бізге демеу болды. Содан кейін осыны кәсіпке айналдырсақ деген оймен ісімізді бастап кеттік. Бірден бірнеше биені сатып алатын қаражат болған жоқ. Ақырындап, бірді екеу, екеуді үшеу қылып, осы күнге жеттік.

- Шөптің шүйгінін жеп, судың тұнығын ішкен жылқының сүті көптеген ауруға ем. Қазіргі уақытта ұлттық сусынға сұраныс бар ма?

- Жақсы қымызды бәрі де ішкісі келеді. Әсіресе, коронавирус кезінде жұрт қымызға ден қойды. Көбінің ауруына бие сүті шипа болды. Жан-жақтан іздеп келіп алып кететін. Кейін тәуір болған адамдар арнайы келіп, батасын беріп кеткен жағдайлар болды.

- Қымызды жыл бойы әзірлейсіз бе? Жалпы, қымыздың неше түрі бар? Олардың айырмашылығы неде?

- Қымыздың түрі көп, жылқының жасы сияқты – тай қымыз, дөнен қымыз, бесті қымыз деп жатады. Неше күн сақталғанына, қанша ашытқанына қарай бөлінеді ғой. Біздің қымыз тай қымыздан аспайды, өйткені сұраныс жоғары, бірден алып кетіп жатады.

Жыл бойына әзірлемейміз, мамыр айынан қарашаға дейін дайындаймыз қымызды.

- Қымыздың дәмі тіл үйірерліктей болуы үшін не істейсіз?

- Биені сауатын да, қымызды баптайтын да – жұбайым. Келіншегім өте ұқыптылықпен тынбай еңбек етеді. Таңсәріден тұрады да, 5-6 сағат қымызды әзірлеумен айналысады. Күбіні ыстайды, жуып-тазалайтыны бар. Пісу керек, өте көп еңбекті қажет етеді.

Қымыздың дәмін келтіретін сол күбінің тазалығы мен ысталуында ғой деймін. Қазіргі уақытта көпшілік күбі ұстамайды, пластик бөшкелерге құйып, автоматты түрде араластырып жатады. Ол енді қымыз емес, меніңше, басқа сусын.

Қымыз дайын болғаннан кейін оны салқын күйінде ұстау керек. Қымыздың сапасы сол кезде белгілі болады. Қаймағы бетіне шығып, ысталған күбінің тұнбасы түбіне жиналып, таза қымыз бірден көрінеді. Жалпы, қымыздың сапасы ең алдымен биенің тамағында ғой, жеген жем-шөбінде, ішкен суында. Судың тұнығын ішіп, еркін жайылып, шөптің шүйгінін таңдап жеп оттаған биенің сүтінен әзірленген қымыз жаман болмайды.

- Ауылда мал шаруашылығымен айналысуға жағдай бар ма? Қандай мәселелер бірінші кезекте тұр?

Қазір мал шаруашылығымен айналысу өте қымбат. Бірақ ауылда отырғасын, басқа жұмыстың ыңғайы болмағандықтан айналысып жатырмыз.

Ауылда мал ұстау қазір қиын болып кетті. Өйткені, егіс алқаптарын ауылға тақап жыртып тастады. Жайылымдар өте тар. Шөп шабатын жерлерді де үлкен шаруашылықтар иемденіп алған. Халыққа еркін шапқызбайды. Ауылдың шабындық жерлерін шауып, басқа елді мекендерге әкетіп жатыр. Ал барлық жем-шөпті сатып алып, мал бағу дегеніңіз таза шығын. Ол өзін-өзі ақтамайды. Сондықтан қазіргі мәселе – жайылымдық және шабындық жерлердің жоқтығы.

Жер мәселесі шешілсе, мал басын көбейтуге болады. Қазір тіпті, өзіміздің пайға берілген жерлерімізді де қайтарып ала алмаймыз. ЖШС-лер өздері де пайдаланбайды, бізге де қайтарғысы келмейді.

Ауылдық округ әкіміне шабындық, жайылымдық жер сұрап, өтініш қалдырғаныма биыл бесінші жыл. Кейін білсек, біздің ауылдың жерін көрші ауылдағы шаруашылыққа беріп жіберіпті. Олар егін егу үшін сол жерді жыртамыз деп келгенде ауыл тұрғындары трактордың жолына тұрып, аман алып қалдық.

Сотқа жүгіндік, әлі қайтарып ала алмай жатырмыз. Осындай қиыншылықтардан кейін кейде малды ұстағың келмей қалады. Бірақ біз өмірбақи мал ұстап, ауылда тұрғаннан кейін өзімізді сабырға шақырып, жұмысымызды жалғастырамыз, ал жастар төзбей, қолды сілтеп, сағы сынып кетіп жатыр.

Сондықтан жерге қатысты нақты бір заң керек, ол қарапайым халықтың мүддесі үшін жұмыс істеуі қажет. Әйтпесе, ауыл халқын жерсіз қалдыру – бұл қазаққа жасалып жатқан нағыз қастандық деп айтар едім. Ауылды құрту, жоқ қылу – қазақтың болмысын жою деп білемін.

- Мәселенің шешімі неде?

- Мал ұстамайтын шаруашылықтардан бұл жерлерді алып, мал бағып отырған адамдарға үлестіріп, басында уақытша беріп, кейін малдың өсіміне қарай заңдастыратындай болса. Онда ауылға келіп, мал ұстайтындардың қатары көбеюші еді. Қазіргі уақытта ауылдық жерлердің экономикасы өте қиын.

Өз еңбегін санамайтындар ғана мал ұстап жатыр. Сол жері қынжылтады. Билік басында отырғандар ауылды дамыту керек дейді, ауылды көркейту үшін осы ауылда мал ұстаған жанның жағдайын жасау қажет. Сол кезде бір өзгерістер болады деп ойлаймын.

Үкімет жан-жақты қолдап, гранттар беріп, ауылда шаруашылық ашып, өнім өндіремін дегендерге қолдау білдірсе, алға қойған арман-мақсаттарға жетуге болады.

Мәселен, бие сауатындар біледі, қымызға сұраныс жоқ кездер болып қалады. Сол кезде қымыз қалып қояды. Қазір түрлі технология дамыған заман, сублимация жасауға болатын аппараттар бар. Қымызды ұнтақ түрінде сақтап, жыл бойы қолдана беруге болады.

Ия, бірталай жетістікке жеттік, бірақ бұл - таза еңбегіміздің арқасы. Бірақ мұндай орасан еңбекті, өкінішке орай, екінің бірі жасай алмайды. Мұның артында қаншама күш, қаншама жігер жатыр.

- Әңгімеңізге рахмет!


Соңғы жаңалықтар