Ауыл тұрғындарының денсаулығын зерттеп-қарау тізбесі кеңейді

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Медициналық тексеруден өткен 11 мыңнан астам ауыл тұрғынында жоғары қан қысымы, қант диабеті, бүйрек патологиясының белгілері анықталды. Бұл туралы бүгін Сенаттағы Үкімет сағатында Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Коронавирустық пандемия жылдарында елде жүргізілген шектеу шараларына байланысты ауыл мен қала халқының арасында медициналық көмек көрсетуде алшақтық анықталды. Бүгінде ауылдарда халықты ерте диагностикалау және консультациялық-диагностикалық қызметтердің қолжетімсіздігі байқалады. Осыған байланысты, биыл ауыл тұрғындары үшін профилактикалық қарап-тексерулер енгізілді», - деді ол.

Министрдің атап өтуінше, бұрын скринингтерде тек жүрек-қан тамырлары аурулары, глаукома, қант диабеті, онкологиялық аурулар, мінез-құлықтық қауіп факторлары сияқты бес нозология анықталатын. Ал биыл ауыл тұрғындары денсаулығының талдауын ескере отырып, зерттеп-қарау тізбесі кеңейді. Асқазан-ішек жолдарының, несеп шығару жүйесінің, егде жас тобындағы адамдардың тыныс алу ағзаларының ауруларын және қуық асты безінің обырын ерте анықтау бойынша профилактикалық қарап-тексерулер іске асырылып жатыр.

«Туғаннан бастап 18 жасқа дейін - «Балалар», 18 жастан бастап 29 жасқа дейін - «Жастар», 30 жастан бастап 44 жасқа дейін - «Еңбек-1», 45 жастан бастап 65 жасқа дейін - «Еңбек-2» және 66 жастан асқандар «Зейнеткер» сияқты санаттар бойынша нысаналы топтар анықталды. Бүгінгі таңда зерттелген 44 мың ауыл тұрғынының 11 мыңнан астамынан жоғары қан қысымы, қант диабеті, бүйрек патологиясының белгілері анықталды», - деді Ажар Ғиният.


Соңғы жаңалықтар