Ауыл тұрғындарына спутниктік қабылдағыштар тегін беріледі - Дәурен Абаев

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев шалғай жатқан ауылдарды цифрлық теледидармен қамту жайында айтты, деп xабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Министрдің айтуынша, әлеуметтік аз қамтылған тұрғындарға цифрлық телевизияға қажетті абоненттік құралдар тегін беріледі.

«Ал цифрлық сигналдардан шалғай орналасқан елді мекендер отандық «OTAU TV» спутниктік қабылдағыштарымен (спутниктік тарелкалар) қамтылады. Ол үшін сол аймақтың жергілікті бюджетінен қаржы бөлінген. Сонымен қатар, біз бос тұрған жиіліктерді ұялы байланыс сапасын арттыру мақсатында пайдаланамыз», - деді Д.Абаев министрліктің алқа мәжілісінде.

Айта кетейік, отырыста Дәурен Абаев цифрлық телеxабарларға қосылатын облыстарды атады. Былтыр елімізде аналогтық теле-радио xабарларды таратуды кезең-кезеңімен тоқтату жұмыстары басталған болатын. Бүгінде төрт аймақ - Маңғыстау, Түркістан, Жамбыл облыстары және Шымкент қаласы толығымен цифрлық теледидарға көшті.

«Осылайша ауылдағы ағайын 15 отандық телеарнаны, ал облыс орталығының тұрғындары 30 арнаны жоғары сапада тамашалап отыр. Биыл біз Алматы, Павлодар мен Қостанай аймақтарын цифрлық xабар таратуға ауыстыруды көздеп отырмыз. Осы бағыттағы жұмыстар 2022 жылы толық аяқталады деген жоспарымыз бар», - деді Д.Абаев министрліктің алқа мәжілісінде.

Соңғы жаңалықтар