Ауыл тұрғындарын сапалы ауызсумен қамтамасыз ету жоспары дайындалды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Тұрғындарының саны 200 адамнан аз шағын ауылдарды санитарлық нормаларға сәйкес келетін ауызсумен қамтамасыз ету мақсатында су тазартатын кешенді блок-модульдер орнатылады. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Роман Скляр айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Ел бойынша 18,4 млн адамның 90,2 пайызы немесе 16,5 млн адам орталықтандырылған сумен жабдықталған. 2018 жылдың қорытындысы бойынша қалаларда 10 млн адам орталықтандырылған сумен қамтылған. Бұл қала халқының 94,5 пайызын құрайды. Қалған халық су тарататын колонкаларды пайдалануда. Қалалардағы өмір сапасын арттыру үшін ағымдағы жылы осы көрсеткішті 97 пайызға дейін, ал 2023 жылы 100 пайызға дейін арттыру жоспарланған»,- деді ол.

Министрдің дерегінше, ауылдарда орталық сумен 6,5 млн адам немесе 84,4 пайызы қамтылған. Бұл ретте, басқа ауылдар жергілікті су көздерін пайдаланады. Осы ретте министрлік 2019 жылы бұл көрсеткішті 88 пайызға дейін жеткізуді және 2023 жылы халықтың 100 пайызын тиісті инфрақұрылыммен қамтамасыз етуді жоспарлап отыр.

«Бүгінгі күні біз ауылдарды сапалы және қажетті көлемде сумен жабдықтау қызметімен қамтамасыз ету жоспарын дайындадық. Халқының саны 200 адамнан аз шағын ауылдарды санитарлық нормаларға сәйкес келетін ауызсумен қамтамасыз ету мақсатында суды тазартатын кешенді блок-модульдер орнату қажет. Бұл 1333 ауылды сумен қамтуға мүмкіндік береді. Тұрғындары 200 адамнан көп 1274 ауыл орталық су құбырларымен қамтылатын болады. Осылайша 2607 ауылда тұратын 1,2 млн адам санитарлық нормаларға сәйкес келетін сумен жабдықтау қызметімен қамтамасыз етіледі»,- деді Роман Скляр.

Соңғы жаңалықтар