Ауыл шаруашылығындағы субсидиялар саны 51-ден 7-ге дейін қысқартылады - Үкімет

None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Мемлекет ауыл шаруашылығын субсидиялауда техникалық және технологиялық жаңаруға бағытталған инвестициялық субсидияларға басымдық береді. Бұл туралы ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов Мәжіліс депутаттарының сауалына жолдаған жауабында жазды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Агроөнеркәсіп кешенін мемлекеттік қолдауды жетілдіру жөніндегі жұмыс тобы құрылды. Оған салалық қауымдастықтар мен одақтардың, агробизнестің, ғылымның, мүдделі мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдардың, Парламент Сенаты мен Мәжіліс депутаттарының өкілдері кірді. Жұмыс тобы отырыстарының шеңберінде субсидиялау рәсімін оңайлатуды, оның бағыттарын оңтайландыруды (субсидиялар түрлерінің санын 51-ден 7-ге дейін қысқарту жоспарланып отыр), барлық субъектілер үшін қолжетімділікті қамтамасыз етуді, заманауи технологияларды енгізуді ынталандыруды және агроөнеркәсіп кешеніне инвестициялар тартуды, нақты индикативтік көрсеткіштерге қол жеткізу бойынша фермерлердің қарымта міндеттемелер алу нормасын енгізуді көздейтін жаңа тәсілдер таныстырылды», - делінген Үкімет басшысының жауабында .

Премьер-Министрдің мәліметі бойынша, субсидиялаудың жаңа жүйесіне көптеген ұсыныстар түскен.

«Субсидиялаудың басым бағыттары ретінде саланы техникалық және технологиялық қайта жарақтандыруға, қаржы құралдары бойынша мөлшерлемелерді субсидиялауға, сондай-ақ селекциялық-асыл тұқымды, тұқым шаруашылығын, шикізатты терең қайта өңдеуді субсидиялауға бағдарланған инвестициялық субсидиялауды айқындау ұсынылады.

Бұл өзгерістерді биыл іске асыру жоспарланған болатын. Сонымен қатар, ағымдағы ахуалды және оның даму үрдісін кешенді талдауды, геосаяси дағдарыстың ел экономикасына теріс әсерін азайту бойынша оңтайлы шаралар қабылдау қажеттілігін негізге ала отырып, субсидиялаудың жаңа тетігін енгізу мәселесін келесі жылға қалдырып, биыл мемлекеттік қолдауды қолданыстағы қағидалар бойынша жүзеге асыру туралы шешім қабылданды», - деді Әлихан Смайылов.

Еске салсақ, ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев әлемдегі күрделі жағдайға байланысты Қазақстандағы субсидия реформасы келесі жылға шегерілгенін мәлім еткен еді.



Соңғы жаңалықтар