Ауыл шаруашылығына инновациялық технологияларды енгізу керек - Нұрлан Нығматулин

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Ауыл шаруашылығы саласы бәсекеге қабілетті болуы үшін тұрақты түрде жаңа инновациялық технологияларды енгізу керек. Бұл туралы Парламент Мәжілісінде ет және сүт өнімдерін өндіруді, экспорттауды дамыту тақырыбындағы парламенттік тыңдауда палата спикері Нұрлан Нығматулин мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Еліміздің экономикасы мен халқымыздың әлеуметтік жағдайы үшін ауыл шаруашылығы саласының маңызы өте зор. Бұл еліміздің дамуының стратегиялық бағыттарының бірі. Елбасы Тәуелсіздік алған күннен бастап осы саланы дамытуға зор көңіл бөліп отыр. Соның нәтижесінде тиісті қаржы бөлініп, аталған бағыт жыл сайын серпінді дамып келе жатыр. Жолдауда аграрлық өнімнің экспортын екі жарым есеге дейін арттыру міндеті жүктелді. Ол не береді? Бұл табиғи таза өнімдер арқылы отандық экономикамызды күшейтумен қатар, әлемдік экспортты бағындыруға жол ашады», - деді Н. Нығматулин.

Осы орайда ол заңнама жағынан қамтамасыз ету үшін Парламент негізгі заңдарды қабылдағанын еске салды. Қазіргі уақытта 2017-2021 жылдарға арналған арнайы бағдарлама жүзеге асырылып жатыр.

«Сондықтан бүгінде мемлекет ауыл шаруашылығы саласына барлық жағдай жасап отыр. Енді өнімнің сапасын, қауіпсіздік және экологиялық тазалықты сақтай отырып, тиісті шараларды қолға алуымыз қажет. Осы жолда мал шаруашылығының орны бөлек. Сапалы азық-түлік бойынша біздің еліміздің өзін де қамтамасыз ететін, экспортқа да шығатын мүмкіндігі өте зор. Соның ішінде ет және сүт өнімдері басым бағыттардың бірі. Осыған орайда Елбасы тапсырмасына сәйкес, таза табиғи өнімдерді арттырудың барлық жолдары көрсетілді. Ендігі мақсатымыз - оларды тиімді әрі нәтижелі жүзеге асыру. Осы орайда халықты таза ет пен сүт өнімдерімен қаматамасыз ету үшін аграрлық саладағы цифрландыру жұмыстарының маңыздылығы да өте зор. Себебі ауыл шаруашылығы саласы бәсекеге қабілетті болуы үшін тұрақты түрде жаңа инновациялық технологияларды енгізу қажет», - деді Мәжіліс төрағасы.

Таратылған мәліметке қарағанда, Қазақстанда мал шаруашылығын дамыту аясында 2018 жылы ірі қара мал саны 2013 жылмен салыстырғанда 21,9 пайызға артты. Сонымен қоса, ет пен ет консервілерін өндіру 19,9 пайызға төмендеуі байқалды.

Соңғы жаңалықтар