Ауыл шаруашылығына цифрлық технологиялар енгізіледі

Фото: None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Сенаттың Аграрлық мәселелер, табиғатты пайдалану және ауылдық аумақтарды дамыту комитетінің депутаттары Ұлттық ғарыш орталығында көшпелі отырыс өткізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Сенаттың салалық комитетінің төрағасы Әли Бектаев орталыққа келудің мақсаты – осы тақырып бойынша өтетін дөңгелек үстел отырысына дайындық мақсатында ауыл шаруашылығына цифрлық технологияларды енгізу, ғарыштан мониторинг жасау мен қашықтан зондтау тетіктерін зерделеу екенін атап өтті.

«Ауыл шаруашылығының өнімділігі мен еңбек өнімділігін арттыру және жалпы ауыл шаруашылығын дамыту – цифрландыруға тікелей байланысты. Ауылшаруашылығы жерлері мен малға сенімді база жасап, қамтамасыз етпейінше біздің жұмысымыз алға баспайды», - деді Әли Бектаев.

Сенаторлар Ауыл шаруашылығы министрлігі мен С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінің басшылығымен, сарапшылар қауымдастығы өкілдерімен және ғалымдармен бірлесе отырып салалық міндеттерді шешу және ауыл шаруашылығы жерлерін ұтымды пайдалану үшін мониторинг жасау, ғарыш мониторингін іске асыруға қатысты мәселелерді талқылады.

Парламентшілер сондай-ақ «Қазақстан Ғарыш Сапары» ұлттық компаниясы жұмысының нәтижелері және ауыл шаруашылығы мақсатындағы ресурстарды ұтымды пайдалану үшін ғарыштан мониторинг жасау жөніндегі болашақ жоспар туралы да айтты.

Отырыс барысында ғарыш қызметі саласындағы заңнамаға ғарыштан мемлекеттік мониторинг жасау, ақпараттық жүйе, атап айтқанда ауыл шаруашылығы бойынша бірыңғай оператор құру жөнінде өзгеріс енгізу туралы айтылды.

Сенатор Әли Бектаев барлық салалық мекемелерге жүктелген міндеттерді толық көлемде орындау қажеттігін айта келіп, сонда ғана оң нәтижеге қол жеткізуге болатынын атап өтті.

«Проблемалық мәселелер көп. Белгілі бір қаражат керек болады, тіпті заңнамаға және нормативтік-құқықтық актілерге өзгерістер енгізілуі мүмкін. Шынында да мұның барлығы алдағы уақытта салалық мемлекеттік органдармен жұмыс істеу барысында анықталады, содан кейін ұсыныстар мен өзгерістер енгізу керек», - деп атап өтті ол.

Сенаторлар отырысты қорытындылай келіп оның барысында айтылған барлық ұсыныстарды Сенат комитетінің депутаттары мұқият зерделейтінін және кейіннен мүдделі мемлекеттік органдарға жіберілетін ұсынымдар әзірленетінін атап өтті.

Соңғы жаңалықтар