Ауыл шаруашылығын субсидиялау жүйесін жетілдіру бойынша түпкілікті өзгерістер топтамасы әзірленуде

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Ауыл шаруашылығын субсидиялау жүйесін жетілдіру бойынша түпкілікті өзгерістер топтамасы әзірленуде. Бұл туралы Үкімет отырысында ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Мемлекет басшысының 2022 жылғы 11 қаңтарда ҚР Парламенті Мәжілісінде сөйлеген сөзінде берген тапсырмаларын орындау үшін Ауыл шаруашылығы министрлігі мынадай бірқатар жүйелі шаралар қабылдайтын болады. Мемлекет басшысының тапсырмасымен саланы мемлекеттік қолдау жүйесін түзету бойынша ұсыныстар дайындалды. Олар, ең алдымен, қолдау тетіктерін оңайлатуға, бағыттарын оңтайландыруға, шаруашылық жүргізудің мөлшері мен нысандарына қарамастан, барлық субъектілер үшін тең қолжетімділікті қамтамасыз етуге бағытталатын болады. Сондай-ақ субсидия алушылар нақты индикативтік көрсеткіштерге қол жеткізу туралы қарсы міндеттемелерді міндетті түрде қабылдайтын норма енгізіледі», - деді министр.

Оның атап өтуінше, ұсыныстарды қазіргі уақытта құрылған Агроөнеркәсіптік кешенді мемлекеттік қолдаудың тиімділігін арттыру жөніндегі жұмыс тобы қарауда. Оған салалық қауымдастықтар мен одақтардың, агробизнестің, ғылымның, мүдделі мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдардың өкілдері, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Парламентінің Сенаты мен Мәжілісінің депутаттары кірді. Қазіргі уақытта жұмыс тобының үш отырысы өтті.

«Жұмыс топтарының қорытындылары бойынша өңірлерден, салалық одақтар мен қауымдастықтардан, жұмыс тобы мүшелерінен агроөнеркәсіптік кешенді субсидиялаудың жаңа жүйесіне көптеген ұсыныстар мен ескертулер келіп түсті. Олар жүйелендіріліп, негізді ұсыныстар мен ескертулер субсидиялау жүйесін пысықтау кезінде ескерілетін болады. Жұмыс топтарын өткізу қорытындысы бойынша 2022 жылғы наурызда субсидиялау жүйесін жетілдіру бойынша түпкілікті өзгерістер топтамасын Үкіметтің қарауына енгізу жоспарлануда», - деді ол.

Сонымен қатар ол министрлік субсидиялаудың бірыңғай интеграцияланған мемлекеттік ақпараттық жүйесін әзірлегендігін атап өтті.

«Ақпараттық жүйенің көрсетілетін қызметтері субсидия алушылар үшін тегін болады. Қазіргі уақытта оны Ақмола облысында пилоттық режимде тестілеуден өткізбекпіз», - деді Ербол Қарашөкеев.


Соңғы жаңалықтар