Ауыл шаруашылығын цифрландырудың мүмкіндіктері қандай

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Ауыл шаруашылығы министрлігі мәліметінше, 2020 жылдың 11 айында 8 құс фабрикасы, сондай-ақ үйрек пен қаз өсіретін екі ферма іске қосылды. Былтыр сүт өндіру бағытында 13 мың бас малды қамтитын 18 сүт-тауарлы ферма пайдалануға берілді. Мұнымен қоса, 3,2 мың бас малы бар 30 отбасылық сүт-тауарлы ферма жұмысын бастады.

Жапонияға жылқы етін экспорттауға ветеринарлық сертификат келісілді. Қазіргі кезде Жапония Қазақстандағы 34 кәсіпорыннан жылқы етін алуға уағдаласты.

Ал сүт пен сүт өнімдерін өндіретін 6 қазақстандық кәсіпорын Қытай нарығына өнім жеткізеді.

Инвестициялық субсидиялау

Мемлекет тарапынан инвестициялық субсидияны төлеу түрінде агроөнеркәсіптік кешен субъектілерін қолдау қарастырылған. Осы орайда инвестициялық салымдар кезінде шығындарды (25%) ішінара өтеу ескерілген. Пандемияға байланысты әлемдік процестерге қарамастан, инвестициялық субсидиялау бағдарламасы бойынша қаржыландырудың жыл сайын өсуі қарқыны байқалып отыр.

2019 жылы бұл мақсатқа республикалық бюджет қаражатынан 107,6 млрд теңге, 2020 жылы 112,3 млрд теңге бөлінді. Инвестициялық субсидиялау көлемінің артуы субсидия алуға келіп түскен өтінімдер санының өсуіне алып келді. Осы орайда 2019 жылы 22,7 мың өтінім болса, былтыр 26,2 мыңға дейін жетті.

2020 жылғы 11 айда ауыл шаруашылығындағы инвестициялар 4,7 пайызға артып, 454 млрд теңгені құрады. Сонымен қатар, азық-түлік өндіруге бағытталған инвестиция 18,6 пайызға жоғарылап, 86,5 млрд теңгеге жетті.

Ауыл шаруашылығын цифрландыру

Ауыл шаруашылығы жануарларын идентификациялау жүйесінде 35 млн-нан астам жануар тіркелген. Осы бағытта 4,5 мың ветеринар маман жұмыс істеп жатыр.

Ал Plem.kz сараптамалық жүйесінде мал шаруашылығындағы селекциялық және мал тұқымын асылдандыру жұмысының есебі цифрландырудан өтті. 35 мыңға тарта пайдаланушы малдың шығу тегін нақтылап, селекциялық жұмыстарды жүргізіп, электронды форматта зоотехническалық оқиғаларды регламенттей алады.

Отандық ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілер электронды ілеспе құжаттарды алады. 21 рұқсатнама құжатты алу тәртібі цифрландырылды. Мемлекеттік жер кадастрының автоматтандырылған ақпарат жүйесі жер телімдері бойынша электронды форматта 6,5 млн деректі сақтап отыр.

«Қазіргі кезде барлық 16 бағыт бойынша субсидиялау 100 пайыз автоматтандырылды. Оның ішінде жетеуі өсімдік шаруашылығында, 4-і – мал шаруашылығында, 5-і қаржылық тетіктер саласында», - делінген Ауыл шаруашылығы министрлігі мәліметінде.

Бұдан бөлек, қанатқақты жоба аясында қамтылған өңірлердің космомониторингінің бірінші кезеңінде пайдаланылмаған 8,3 млн гектар жер анықталды. Оның ішінде 2,6 млн гектар жайылым ерікті түрде мемлекет иелігіне қайтарылды. 5,7 млн гектарды пайдаланып отырған фермерлерге кемшіліктерді жою туралы ескерту жолданды.

Мал шаруашылығында цифрлық шешімдер мен технологияларды енгізу кезінде қаржы үнемдеуге мүмкін болды. Нақты егіншіліктегі қанатқақты нысандарда агрономияның жаңа технологияларын іске қосу арқылы астық шығымдылығы 20 пайызға дейін артық болды. Сонымен бірге, фермерлер шығыны 15 пайыздан астам деңгейге қысқарды.

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Ауыл шаруашылығы министрлігі жер қатынастары саласында дамыту мәселелері тұрғысында заң жобалау жұмыстарын жүргізіп жатыр.

Осы орайда цифрлық технологияларды енгізу жолымен жер телімдерін ұсынудың қазіргі тәртібін тұжырымдамалық өзгерту қарастырылған.


Соңғы жаңалықтар