Ауыл шаруашылығы жерлерін сатып алған адам оны дұрыс мақсатта пайдаланса, кейін сатуына да болады - Ж.Қаржанова

None
None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Ауыл шаруашылығы жерлерін сатып алған адам оны дұрыс мақсатта пайдаланса, кейін сатуына да болады.

Бұл туралы «100 нақты қадам» - Ұлт жоспарын түсіндіру мақсатында Ақмола облысына жұмыс сапарымен келген Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігі Құрылыс тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері және жер ресурстарын басқару комитеті төрағасының орынбасары Бауыржан Смағұлов бастаған ақпараттық насихат тобының мүшесі, аталған министрліктің экономиканың инфрақұрылымын дамыту департаменті жер ресурстарының инфрақұрылымын дамыту басқармасының басшысы Жанар Қаржанова айтты.

Оның айтуынша,  мемлекет меншігіндегі ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскелері жеке меншікке бәссауда арқылы берілмек.

«Биылғы жылдың 1 шілдесінде күшіне енетін ҚР «Жер кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңына сәйкес, ауыл шаруашылығы жерлері бірінші кезекте жеке және заңды тұлғаларға жекеменшік құқығымен жер  учаскесінің кадастрлық (бағалау) құнын арттыруды көздейтін аукцион арқылы беріледі.

Егер екі аукционның қорытындылары бойынша учаске сатылмаса, онда ол учаскенің бағасын кадастрлық құнының белгіленген ең төменгі шегіне (кадастрлық құнының 50 пайызға) дейін төмендетуді көздейтін аукционға қойылатын болады. Ал, ауыл шаруашылығы жерлерін сатып алған адам оны дұрыс мақсатта пайдаланса, кейін сатуына да болады», - деді Ж.Қаржанова.

Еске сала кетейік,  Ұлт жоспарының 35-ші қадамында ауыл шаруашылығы жерлерін тиімді пайдалану мақсатымен оларды нарықтық айналымға енгізу,  Жер кодексіне және басқа да заң актілеріне өзгерістер енгізу туралы міндеттер айтылған болатын.

Осыған орай, бұл міндеттерді жүзеге асыру шеңберінде ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді жеке меншікке берудің жаңа механизмін енгізу мақсатында Қазақстан Республикасының «Жер кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» 2015 жылғы 2 қарашадағы Заңы қабылданды, ол 2016 жылғы 1 шілдеден бастап күшіне еңбек.

Соңғы жаңалықтар