Ауыл шаруашылығы техникасын жеңілдікпен жалға алу тетігі қабылданбақ

Фото: None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Ауыл шаруашылығы министрлігінде ӨКМ Операторының қаражаты есебінен отандық ауыл шаруашылығы техникасын сатып алу мақсатында жеңілдетілген несие тетігін енгізуге қатысты кеңес өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Осы кеңестің қорытындысы бойынша тараптар «Жасыл Даму» АҚ қаражаты есебінен ауыл шаруашылығы техникасын жеңілдікпен жалға беру тетігінің негізгі тәсілдерін талқылап, келісті. Ауыл шаруашылығы техникасын жеңілдіктілген тәртіпте лизингке алу тетігін биылғы жаппай егін жинау жұмыстары басталғанға дейін, яғни қысқа мерзімде қабылдау жоспарланып отыр. Бағдарламаның шарттары шағын және орта ауыл шаруашылығы құрылымдарының техниканы сатып алуын ынталандыруға бағытталады», - делінген министрлік мәліметінде .

Бұл бағдарламаға шамамен 40 млрд теңге бөлу жоспарланып отыр. Қаржыландыруды «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ еншілес ұйымдары жүзеге асыратын болады.

Аталған кеңеске Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің, «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ, «Өнеркәсіпті дамыту қоры» АҚ, «ҚазАгроҚаржы» АҚ, «Жасыл Даму» АҚ және Қазақстан фермерлер одақтары қауымдастығының өкілдері қатысты.

Естеріңізге сала кетейік, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген отырысында отандық ауыл шаруашылығы техникасын сатып алу үшін жеңілдетілген несие беру тетігін енгізуді тапсырған болатын.


Соңғы жаңалықтар