Ауыл шаруашылығы техникасы екі есе қымбаттаған

Фото:
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Ауыл шаруашылығы техникасы екі есе қымбаттады. Бұл туралы шаруалардың мәселелерін баяндаған «Атамекен» ҰКП Агроөнеркәсіп кешені комитетінің төрағасы Жигули Дайрабаев мәлімдеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Отандық ауыл шаруашылығы техникаларын жасауды дұрыс қолға алуымыз керек. Тәуелсіз ел болғанымызға 30 жылдан асты. Барлық ірі комбайндар мен ауыр техникаларды Қазақстанға жинап алып, өзімізде шығарайық деуден аулақпыз. Дегенмен де, қарапайым соқа, дән сепкіш, тырма сияқты техниканы өзімізде 6-7 зауытта жасауға болады ғой. Енді техниканың бағасын айтайын. К-730 деген үлкен трактор бар. Оны отандық деп айтайын. Өйткені, оны алып келіп, Қазақстанда жинаймыз. Былтыр ол трактор 46 млн тұратын. Ал, биыл оның құны 92 млн теңге болды. 2 есе қымбаттады. Мәселен, Acros, Vector деген комбайндар бар. Былтыр олар 50-55 млн болатын. Биыл 114 млн-ға дейін қымбаттап кетті», - деді Жигули Дайрабаев.

Сонымен қатар, кәсіпкерлер палатасының өкілі ауылдарға жастарды тарту мәселесін көтерді. Оның айтуынша, оқу бітірген жас маман ауылға барғысы келмейді. Ал, елді мекендердегі қаланы азық-түлікпен қаматамасыз етіп отырған кәсіпорындарда жұмыс күші жетіспейді. Сұраныс жоғары. Тиісінше, дүкен сөрелеріндегі тауардың бағасы өседі. Агроөнеркәсіп кешені комитетінің төрағасы ауылдардан жастар үдере көшіп, кейінгі жылдары елімізде 1 300-ден астам ауыл жабылып қалғанына назар аударды.


Соңғы жаңалықтар