Ауыл шаруашылығы техникаларын да жеңілдетілген несиемен беру керек – Динара Шүкіжанова

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Ауыл шаруашылығы техникаларын да жеңілдетілген несиемен беру керек. Мұндай пікірді Қостанай трактор зауытының директоры Динара Шүкіжанова білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қостанай трактор зауытында шығарылатын техникалардың бағасына кәдеге жарату алымының құны қосылмайды. Бұған қоса, Қазақстан аумағында ауыл шаруашылығы техникаларын шығаратын барлық зауыттың өз техникалары бағасына кәдеге жарату алымын қоспайтындығын атап өткен жөн. Бұған дейін Ауыл шаруашылығы министрлігі 2021 жылы сатып алынған техникалардың 89 пайызы елімізде құралыстырылғандығы туралы ақпарат таратқан болатын. Демек, техникалардың 89 пайызы кәдеге жарату алымы құнысыз сатып алынған деген сөз», - деді ол.

Осы ретте зауыт директоры жеңіл көліктермен қатар ауыл шаруашылығы техникаларын жеңілдетілген несиемен сату бағдарламасының қажет екендігін алға тартады.

«Жеңілдетілген несиені ауыл шаруашылығы техникаларына да беру керек сияқты. Фермерлердің жағдайы қандай болып отырғанын өздеріңіз де білесіздер, екінші жыл қатарынан құрғақшылық болып тұр. Сол себепті ауыл шаруашылығы техникаларының жеңілдетілген несиемен берілуін фермерлер тағатсыздана күтуде», -деді Динара Шүкіжанова.

Айта кетейік, бүгін «Хабар-24» телеарнасындағы «Сұхбат» бағдарламасы барысында бірінші вице-премьер Роман Скляр «Жасыл даму» АҚ есепшотындағы 200 млрд теңгеден астам бос қалдықтың 100 млрд теңгесі отандық көліктерді сатып алу үшін жеңілдетілген автонесиеге берілетіндігін айтқан болатын.


Соңғы жаңалықтар