Ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге 2 пайыздық несие беру керек - Төлеутай Рахымбеков

None
None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырауда «Ауыл» партиясынан ауыл әкімінің сайлауына ұсынылған үміткерлерді қолдау жиыны өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Дамбы ауылында өткен кездесуге қатысқан «Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясы төрағасының бірінші орынбасары Төлеутай Рахымбековтің айтуынша, агроөнеркәсіп кешені мен ауылдардың проблемасын бөлек қарастыруға болмайды.

«Мемлекет тарапынан қолдау аз емес. Жыл сайын мемлекеттік бағдарлама аясында ауыл шаруашылығын дамытуға 350-400 млрд теңге бөлінеді. Өкінішке орай, бүгінгі таңда бұл бөлінген қаражаттың тиімділігі байқалып отырған жоқ. Өнімнің 60-65%-ын шығаратын ұсақ шаруашылықтар осы қаржының тек 5%-ын пайдаланады. Фермаларды қолдау бағдарламалары министр ауысқан сайын өзгереді. Аграрлық саясаттың тұрақсыздығы байқалады. Мастер-жоспарларға, агрокарталарға, азық-түлік белдеуін құруға, ет экспорты бағдарламасына қомақты қаржы салынғанына қарамастан, тиімдігі бар бастамалар мен идеялар соңына дейін жеткізілмейді», -дейді «Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясы төрағасының бірінші орынбасары Төлеутай Рахымбеков.

Оның пікірінше, ауыл шаруашылығы өнімінің 40%-ы қайта өңдеуден өткізіледі. Ал, қалғаны шикізат түрінде шетелге сатылады.

«Осыған байланысты «Ауыл» партиясы ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге 2%- бен ұзақ мерзімді несие беруді ұсынады. Осындай қолдау көрсетілсе ғана ауыл шаруашылығы тауарларын өндіруді жандандырып, саланы дамыта аламыз» - деген пікірін білдірді Төлеутай Рахымбеков.

Сондай-ақ ол Қазақстан Республикасының аудандық маңызы бар қалалары, ауылдық округтері, кенттері мен ауылдары әкімдерін алдағы сайлауда партиядан кандидаттарды қолдауға шақырды.

Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атыраудағы Дамбы ауылында әкім сайлауына 7 үміткер ұсынылғанын хабарлаған едік.

Соңғы жаңалықтар