Ауыл шаруашылығы саласының қай мамандықтарына сұраныс жоғары

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат - Цифрлық технологияларды қолдану арқылы өнімділікті арттыру мәселелері Петропавлда өткен семинарда сөз болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Семинарда Елордалық ғалымдар мен сарапшылар фермерлік шаруашылықтың заманауи негіздері, фитосанитариялық қауіпсіздік, агрохимиялық және топырақ карталарын жасау туралы ақпараттар берді.

Сондай-ақ, олар цифрлы технологияларды енгізу ерекшеліктерімен, диқандарды фермерлік шаруашылықтың нақты элементтерімен және қазіргі кезде ауыл шаруашылық өндірісін басқарудың қыр-сырымен таныстырды.

Мысалы ауа райының қолайсыздығына байланысты СҚО егіс алқаптарында арамшөптер мен түрлі өсімдік аурулары жиі кездеседі. С.Сейфуллин атындағы ҚазАТУ «Өсімдіктерді қорғау және каратиндеу» кафедрасының оқытушысы Бекмырза Айтуғановтың пікірінше, алқаптарға дер кезінде мониторинг жасалып, арамшөптер мен зиянкестер уақытылы жойылса, өнімділік артып, биыл бұдан да мол астық алуға болар еді. Өйткені мұның бәрі өнімділікті 30-35 пайызға дейін төмендетеді. Зиянкестермен күресте цифрлық технологияларды қолдану диқандарды келер қауіпті дер кезінде анықтауға көмектеседі.

«Ылғалды ауа райы арамшөптердің таралуына қолайлы. Содан кейін аурулар да көп кездеседі. Олар септариоз, тат аурулары. Зиянкестерді ерте кезеңде анықтау үшін дрондарды қолдану өте тиімді. Ұшу аппараттарымен қай учаске екенін, оның аумағын, неден зақымданғанын білуге болады. Осы деректерді қолдана отыра біз шаруашылықтарға олармен қалай күресуге болатындығы, қандай препараттарды қолдану қажеттігі жөнінде кеңес бере аламыз»,- дейді С.Сейфуллин атындағы ҚазАТУ «Өсімдіктерді қорғау және карантиндеу» кафедрасының оқытушысы Бекмырза Садықов.

С.Сейфуллин атындағы ҚазАТУ еліміз бойынша агроөнеркәсіптік кешенді цифрландырудың ғылыми- әдістемелік орталығы болып табылады. Жыл сайын оқу ордасынан 2,5 мыңға жуық студент түлеп ұшады. Ал еліміз бойынша 5 мың студент түрлі қожалықтарда тәжірибеден өтеді. Енді жұмыс берушілер өздеріне қажет ауыл шаруашылығы саласының мамандарын университеттің арнайы сайтына кіріп, таңдап келісімшартқа отыра алады.

«Қазір біз жаңадан сайт ашып жатырмыз «Профи КазАТУ» деген. Ол жерде университет түлектері де, білікті маман іздеген шаруа қожалықтары да өзіне керекті ақпаратты ала алады. Қазір агрономдарға, технологтарға, мал дәрігерлеріне сұраныс жоғары, қазір студенттер оқуды бітірмесе де қайда жұмысқа баратындықтарын біледі. Сайтта жұмыс берушілер қандай маман керек, оған қандай жағдай жасайды, яғни еңбекақы мөлшерін, баспана жайын, тіпті, балабақшаның ауылда бар-жоғына дейін жазады. Сол сияқты студенттеріміз туралы да толық ақпар болады, соның бәрін біз қазір істеп жатырмыз», -дейді С. Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінің проректоры Қайрат Айтуғанов.

Семинарға қатысқандардың бірі - «Шатило и К» ЖШС агрономы Марат Сәбит. Шаруашылықтың 38 мың гектар жері бар. Оның айтуынша, теріскейдің диқандары цифрлық технологияларды қолданудың артықшылықтарын біледі, өйткені өздері де егіншілікте нәтижелі қолданып келеді.

«Біз компьютер арқылы техниканың қай жерде жүргенін біліп отырамыз. Агроном алқап басына бармай-ақ кімнің қайда жүргенінен хабардар. Ал бұл уақытты, жанар-жағармайды үнемдейді»,- дейді серіктестік агрономы Марат Сәбит.

Соңғы жаңалықтар