Ауыл шаруашылығы саласында 143 қызметкер жемқорлық үшін сотталған

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Соңғы 4 жыл ішінде ауыл шаруашылығы саласында 143 адам жемқорлық үшін сотталған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша кеңес өтті.

ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігі басшысының бірінші орынбасары Олжас Бектенов әуелі салада халыққа көрсетілетін қызмет түрлерін цифрландыру бойынша нақты жұмыс жүріп жатқанын атады. Соған қарамастан, жемқорлық фактілері әлі де сақталуда.

«Ауыл шаруашылығы саласында да жемқорлық тамырымен жойылды деп айта алмаймыз. Соңғы кезде жергілікті салалық органдарда заңбұзушылық көп тіркеліп жатыр. Сондықтан, бүгінгі кеңеске жергілікті әкімдіктердің онлайн-режімде қатысуын сұрадық», - деді агенттік өкілі.

Олжас Бектеновтың айтуынша, соңғы 4 жылда салада 500-ден астам жемқорлық фактісі тіркелген.

«Мұны біздің жедел тергеу статистикасы да, сот процестерінің статистикасы да растап отыр. Азаматтар тарапынан да біздің агенттікке, тіпті ҚР Президенті әкімшілігіне шағымдар түсіп жатыр. Соңғы 4 жылда ауыл шаруашылығы саласында 500-ден астам жемқорлық фактісі тіркелген. 221 лауазымды тұлға қылмыстық жауапкершілікке тартылып, 143 адам сотталған. Бұл заңбұзушылықтарға министрліктің салалық құрылымдарынан да, жергілікті мемлекеттік органдар тарапынан да жол беріліп отыр», - деді Олжас Бектенов.

Соңғы жаңалықтар