Ауыл шаруашылығы өнімінің көлемін 1,3 есеге ұлғайту керек – Асқар Мамин

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – 2023 жылға қарай ішкі нарық әлеуметтік маңызы бар негізгі азық-түлік тауарлары бойынша отандық өніммен 100 пайыз молықтырылады. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Агроөнеркәсіптік кешенді дамыту, оның ішінде ішкі нарықты отандық азық-түлікпен молықтыру - Үкіметтің стратегиялық міндеті болып табылады. Бұл ретте, Біріккен Ұлттар Ұйымының жанындағы Азық-түлік ұйымының болжамы бойынша еліміз әлемдік азық-түлік хабының бірі болуға нақты мүмкіндігі бар. «Нұр Отан» партиясының бағдарламасы бойынша алдымызда ауыл шаруашылығы тауарларын өндіру мен өңдеу бойынша ірі экожүйелерді құру, субсидия беру жүйесін реформалау, ауылдағы кооперацияны ынталандыру, сондай-ақ ветеринариялық және фитосанитариялық қызметтерді және аграрлық ғылымды әрі қарай дамыту міндеттері тұр», - деді Үкімет басшысы.

Премьер-Министрдің атап өтуінше, осы шараларды іске асыру нәтижесінде агроөнеркәсіптік кешенде еңбек өнімділігін 2,5 есеге арттыру және 70 пайыз өңделген өнімді экспорттауды екі есеге ұлғайту жоспарланып отыр.

«Бұдан басқа жалпы ауыл шаруашылығы өнімінің көлемін 1,3 есеге ұлғайту керек. Бұл ретте, 2023 жылға қарай ішкі нарықты әлеуметтік маңызы бар негізгі азық-түлік тауарлары бойынша отандық өніммен 100 пайыз молықтыру қамтамасыз етіледі», - деді Асқар Мамин.


Соңғы жаңалықтар