Ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспортын ұлғайту керек - Өмірзақ Шөкеев

None
None
ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат - Түркістан облысында кез келген ауыл шаруашылығы өнімін тиімді өңдеп, экспортты ұлғайту керек. Бұл туралы аймақ басшысы Өмірзақ Шөкеев азық-түлік белдеуін қалыптастыру мен ауыл шаруашылығы саласында алдыңғы қатарлы технологияларды қолдану мәселелеріне арналған семинар барысында айтып өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жиында өңір басшысы ауыл шаруашылығы саласында дамыған мемлекеттерден қалып қоймас үшін ғалымдармен бірлесе зерттеу жұмыстарын кеңінен жүргізіп, әлемдік талаптарға сай келетін өнім өндіруге ұмтылған жөн екендігін айтты. Әрі өнім нарықтық экономикаға сай, бәсекеге қабілетті болуы керектігін жеткізді.

«Бүгінгі таңда Түркістан қаласының аумағын дамыту, халқын тұрақты жұмыс орындарымен қамтамасыз ету мақсатында 480 жоба анықталып отыр. Бұл жобалар облыстың әр ауданының басым бағыттарын дамытып, облыс халқын азық-түлік өнімдерімен қамтамасыз ету мақсатында таңдап алынды. Ауыл шаруашылығында алдағы уақытта алдыңғы қатарлы технологияларды қолдана отырып, жаңа ауыл шаруашылығын қалыптастыруымыз керек. Алдағы уақытта талап өзгереді. Әр аудан табиғи жағдайға байланысты жұмыс істеуі тиіс», - деді Өмірзақ Шөкеев.

Сонымен қатар, аймақ басшысы өңірде жалпы ауыл шаруашылығына жарамды жер көлемі, еліміздің басқа өңірлеріне қарағанда аз екендігін айтып, алға қойылған тапсырмаларды тек заман талабына сай ғылыми жетістіктерді ұтымды пайдаланудың нәтижесінде орындауға болатындығын жеткізді. Семинар кеңесті өткізуге мұрындық болған өңір басшысы Өмірзақ Шөкеев жоғарыда аталған тапсырмалар мен 480 жобаның іске асырылуына аудан, қала әкімдері тікелей жауапты екендігін ескертті.

Семинар соңында қаржы ұйымдары мен банк директорлары және әкімдік арасында Меморандумға қол қою рәсімі өтті. Ондағы мақсат - Түркістан облысында ауыл шаруашылығы саласында алдыңғы қатарлы технологияларды қолдана отырып, халықты жұмыспен қамту мақсатында іске асырылатын жобаларды жүзеге асыру жөніндегі өзара ынтымақтастық арттыру болды.

Мұнан соң аталған семинар Кентау қаласы, Шаға ауылдық округінде жалғасты. Алдағы уақытта шаруаларға арналған басқосу Сайрам ауданында жалғасатын болады.

Соңғы жаңалықтар