Ауыл шаруашылығы министрлігінің және оның ведомстволық ұйымдарының қызметкерлеріне қатысты 81 қылмыстық іс қозғалды - Б.Әшитов

None
None
АСТАНА. Қарашаның 18-і. ҚазАқпарат /Марлан Жиембай/ - Ағымдағы жылдың 9 айында Ауыл шаруашылығы министрлігінің және  оның ведомстволық ұйымдарының қызметкерлеріне қатысты 81 қылмыстық іс қозғалған.

Бұл жайында бүгін «Нұр Отан» ХДП орталық аппаратында өткен  брифингте партия жанындағы Жемқорлықпен күрес жөніндегі республикалық қоғамдық кеңестің хатшысы Батыржан Әшитов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

 Оның айтуынша, республикада жүргізілген әлеуметтік зерттеулердің қорытындысына қарағанда, қабылданған шараларға қарамастан ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі жүйесінде сыбайлас жемқорлық пен құқық бұзушылық деңгейі басқа мемлекеттік органдарға қарағанда өте жоғары болып отыр. Атап айтқанда, ағымдағы жылы осы министрлікке қарасты Су ресурстары жөніндегі  комитетінің төрағасы мен орынбасарының және Балық шаруашылығы комитеті төрағасының үстінен қылмыстық іс қозғалған. Республикалық бюджеттің орындалуын қадағалау жөніндегі есеп комитеті АШМ-ге қарасты ведомстволарда  бюджет қаражатын пайдалану барысында өрескел заң бұзушылықтарға жол берілгендігін анықтаған.

 «Партия жанындағы Жемқорлықпен күрес жөніндегі республикалық қоғамдық кеңеске ауылшаруашылық тауарларын өндірушілердің тапсырған астықтарына «Азық-түлік корпорациясы»АҚ дер кезінде есеп айырыспай отырғандығына орай көптеген арыздар түсуде», дейді Б.Әшитов.

Осыған орай, «Нұр Отан»ХДП аймақтық филиалдарында, АШМ-ның аумақтық ұйымдарында аталған мәселені тексеру бойынша комиссиялар құрылған. Сондай-ақ қарашаның 20-сы мен желтоқсанның 5-і аралығында партияның орталық аппаратында ауыл шаруашылығына қатысты мәселелерге орай министрліктің және оған қарасты комитеттердің,  ведомстволардың басшылары  азаматтарды арыздары бойынша қабылдайды.

Соңғы жаңалықтар