Ауыл шаруашылығы министрлігінің бастамасы «Қазақстанда жасалған» өнімдерді ұлғайта ма

Фото: None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Ауыл шаруашылығы министрлігі отандық өнімнің көлемін арттырудың тың жолын тапқан тәрізді. Енді, агроөнеркәсіп саласында өнім өңдейтін кәсіпорындар жеңілдетілген несие алып қана қоймай, сан алуан техникалық құрал-жабдықтарды 25 пайыздық жеңілдікпен сатып алатын болады. Алайда бұндай жеңілдікті иеленетін тізімге агрофирмалардың бәрі бірдей іліккен жоқ. Министрлік нақты тоғыз бағыт бойынша 400-ден астам кәсіпорынды таңдапты.

Жаңа бастамаға қанша қаражат керек?

Ауыл шаруашылығы министрлігі бұл бастаманы көтермес бұрын агроөнеркәсіп саласындағы өнім өңдеу мәселесін жан-жақты зерделеп шыққан көрінеді. Ол үшін арнайы жұмыс тобы жасақталып, төрт ай бойы еліміздегі өңдеу кәсіпорындарына сараптама жасалған-ды. Кәсіпкерлер, ғалымдар, министрлік пен жергілікті билік өкілдері барлық өнеркәсіп орындарын аралап шығыпты. Мәліметтер жинап, сауалнама да жүргізген көрінеді. Әрбір кәсіпорынның өнім өңдеу көлемін, теxникалық жағдайын сараптап шыққан. Соның негізінде ауыл шаруашылығы саласында дайын тауар шығаратындардың базасы жасақталды. Бүгінде республика бойынша ондай нысандардың саны 1 мың 345-ті құрайды. Алайда қазіргі импорттық тауарлардың көлемін ескере отырып, мемлекеттік қолдауға жататын нақты тоғыз бағыт - сүт, ет, қант қызылшасы, картоп, майлы дақылдар, бидай, көкөніс, тері мен жүн өңдеу орындары анықталды. Қазақстанда аталған бағыттар бойынша 435 кәсіпорын жұмыс істейді екен. Дәл осы нысандарға мемлекеттік қолдау жасалмақшы. Оларға өз өнеркәсіптерін жаңартуға, сондай-ақ жаңа кәсіпорындарды салуға жеңілдетілген несиелер беріледі.

«Біз аталған бағыттар бойынша берілген несиелердің мөлшерлемесін субсидиялауды ұсынып отырмыз. Мәселен, сыйақы мөлшерлемесін төмендету бойынша субсидияны 4 пайыздың көлемінде бекітуге болады. Оған 24,1 млрд теңге қажет. Несие мөлшерлемесін де 10 пайызға дейін азайтуға мүмкіндік бар. Осы мақсатқа 38,1 млрд теңге керек. Ал жаңа кәсіпорындарды салуға және ескі өнеркәсіптерді жаңартуға тағы 50 млрд теңге қажет болады. Жалпы, өңдеу кәсіпорындарының картасын толығымен іске асыруға төрт жылда 112,1 млрд теңге кетеді», - дейді ҚР Премьер-Министрдің орынбасары - Ауыл шарушылығы министрі Асқар Мырзаxметов.

Министрдің айтуынша, аталған шаралардың арқасында «Қазақстанда жасалған» атты мөр басылған ауыл шаруашылығы тауарларының көлемін 1,9 трлн теңгеден 3 трлн-ға дейін арттыруға мүмкіндік бар. Оған қоса, 7 мыңдай жұмыс орны ашылады.

Жеңілдетілген несиелер қалай беріледі?

         Жалпы кәсіпкерлерге мұндай жеңілдіктер жасалса біраз қаражатты үнемдеуге болады. Мәселен, бүгінде өңдеу кәсіпорны өзінің ақша айналымын ұлғайту мақсатында 100 млн теңге көлемінде несие алса, банктің 14 пайыздық сыйақы мөлшерлемесімен ол қаражаттың үстінен 14 млн теңге төлеп беруі тиіс. Жаңа бастамаға сәйкес, мемлекет мөлшерлеменің 4 пайызын, яғни 4 млн теңгесін өтейді. Сонда кәсіпкер банкке 10 млн теңге көлеміндегі сыйақы мөлшерлемесін ғана төлейді. Айналымдағы ақшаны ұлғайтуға берілетін ондай несиелердің мерзімі - бір жыл.

Бұдан бөлек, өнім өңдейтін кәсіпорындар өз өндірісін жаңартуға, я болмаса, жаңа нысандарды салуға да жеңілдетілген несие ала алады. Қазіргі кезде ондай займның мөлшерлемесі 16 пайызды құрайды. Мемлекет ол ставканың 10 пайызын субсидиялайды. Бұл дегеніміз, 100 млн теңгенің сыйақы ставкасы 16 пайыз, яғни 16 млн болса, соның 10 млн теңгесі мемлекеттің есебінен өтеледі. Сонда кәсіпкер банктің берген ақшасына тек 6 млн-ды ғана қосып береді. «Сондай-ақ, инвестициялық субсидиялар да бар. Мәселен, өңдеу кәсіпорны 100 млн теңгеге құрал-жабдықтарды сатып алса, мемлекет ол жабдықтарға кеткен шығынның 25 пайызын қайтарып береді. Осылайша, біз өнеркәсіптердің теxникалық жағдайын көтеруді көздейміз», - дейді ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрі Рүстем Құрманов.

Бүгінде бір ғана сүт өңдеу саласы бойынша Оңтүстік Қазақстан, Алматы, Павлодар, Батыс Қазақстан мен Ақтөбе облыстарында жаңа кәсіпорындарды салу жоспары бар. Жалпы, республика бойынша 148 сүт өңдеу кәсіпорны істеп тұр екен. Бұның барлығы сүттің 1,8 млн тоннасын өңдеуге қауқарлы. Алайда оның тек 1,1 млн тоннасы (60 пайызы) ғана өңделеді. Алдағы уақытта аталған көрсеткішті 80 пайызға, яғни 1,6 млн тоннаға дейін жеткізсе, шетелден келетін сары ірімшік 70 пайыздан 51 пайызға, сары май 37 пайыздан 17 пайызға, ақ ірімшіктің мөлшері 35 пайыздан 23 пайызға дейін төмендейді.  Ал, ең бастысы, отандық сүт өнімдерінің жалпы көлемі 49 пайызға артады.

Министрлік бастамасы қашан іске асады?

Агроөнеркәсіп саласындағы кәсіпорындарға мемлекеттік қолдау жасауға арналған шаралар әлі қолға алынған жоқ. Себебі соның барлығын ауыл шаруашылығын дамытудың мемлекеттік бағдарламасына енгізу керек. Дегенмен, Үкімет аталған бастаманы тездетіп қолға алуға мүдделі. Себебі азық-түлік саласында отандық өнімдердің көлемін барынша арттыру қажет екенін жақсы түсінеді.

Әкімдер де оны іске асыруға дайын сияқты. Қарағанды облысының әкімі Ерлан Қошанов сүт өңдеу саласындағы төрт кәсіпорынды жаңартамыз деп отыр. Бұдан бөлек, бір сүт зауытын жаңадан іске қосу жоспарланған. Ал Жаңарқа ауданда жеті жылдан бері істемей тұрған бір кәсіпорын қайтадан іске қосылады. Қарағанды облысының ет өңдеу кәсіпорындары да мемлекеттік қолдау шараларымен қамтылады. Алматы облысы болса, жаңа бастаманың тоғыз бағыты да іске асыратын сыңайлы. Себебі аталған аймақта 425 өңдеу кәсіпорны жұмыс істейді. Олар бидайды да, қант қызылшасын да, сүтті де, етті де, жүнді де өңдейді. Соған қарағанда, картаға іліккен кәсіпорындардың басым бөлігі осы облысқа тиесілі болмақ.

Әлбетте, өңдеу кәсіпорындарының қарқыны жақсы. «Алайда оларға қажетті шикізатты қайдан аламыз?» деген заңды сұрақ туындайды. Ауыл шаруашылығы министрлігі кооперативтер арқылы зауыттарды шикізатпен қамтамасыз етуді көздейді. Осы жұмысқа жергілікті билік те белсене атсалымасыз деп отыр. Демек, қазіргі өңдеу кәсіпорындарын қажетті шикізатпен қамтамасыз ете алсақ, отандық өнімдердің көлемі де артады. Сол кезде дүкен сөрелерінде «Қазақстанда жасалған» тауарлардың көбейе түсетіні хақ. Ал ол тауарлардың сапасы да жақсы, бәсекеге қабілетті болса, экспортты да ұлғайта аламыз.  

Соңғы жаңалықтар