Ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерге жекеменшік құқығын берген жөн бе

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Жер реформасы жөніндегі комиссияның 5-отырысында «Bazarbek&Partners» заңгерлік компаниясының директоры Бақытжан Базарбек және Мәжіліс депутаттары Айдос Сарым мен Бекболат Тілеухан ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерге жекеменшік құқығын беру мәселесіне қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Бұл мәселе бір адамда емес, халықты, елді, қоғамды толғандырады. Әрине, бір жер комиссиясы ғана бұл мәселені шеше алады деу қате пікір. Өйткені, бұл мәселені ел, қоғам шешуі қажет. Дегенмен, жеке ой-пікірімді айтайын. Жер реформасы жөніндегі комиссиясының 1 және 2-отырысында ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерге жекеменшік құқығын беруді уақытша тоқтата тұру керектігін айтқан едім. Себебі қоғам, халық дайын емес. Қоғамда әртүрлі әңгімелер бар, адамдар әлі дайын емес. Мұнан бөлек, бізде ауыл шаруашылығы жерімен байланысты өзекті мәселелер орын алуда. Мәселен - шартты жер үлесі. Шартты жер үлесімен байланысты қаншама мыңдаған жер жеке қолға кетіп отыр. Мораторийді алып тастасақ, шартты жер үлесімен байланысты жер пайдалану құқығына ие болған кәсіпорындар ол жерлерді өздеріне жекеменшікке аударуы мүмкін деген сөз бар. Нәтижесінде қанша мыңдаған шартты жер үлесі иелері, қарапайым ауыл тұрғындары жер пайларынан айырылып қалады», - деді «Bazarbek&Partners» заңгерлік компаниясының директоры Бақытжан Базарбек.

Оның атап өтуінше, сондықтан шартты жер үлесі иелерінің тізілімін құрып, ондай жерлердің барлығын есепке алу керек. Банкке қойылған шартты жер үлесімен байланысты жерлерді тексеріп есепке алған жөн. Жерлердің құнын қайта қарастырған да дұрыс.

«Менің ұсынысым Жер кодексінің 24-бабының 1-тармағы, яғни ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерге жекеменшік құқығын ҚР азаматтары мен заңды тұлғаларға қатысты мораторийді тағы да 5 не 7 жылға созу керек. Сол уақыт өткеннен кейін бұл мәселеге қайта оралайық», - деді заңгер.

Ал ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Айдос Сарым жерге қатысты мәселені шешу оңай еместігі баса айтады.

«Жер мәселесін шешудің оңай тәсілін білемін деген адамға сенбес едім. Оны ашықтан-ашық алаяқ деуге де болады. Ешқандай шешім жоқ екендігін көріп отырмыз. Бес жиын өтті, онда үлкен-үлкен мәселелер қарастырылды, айтылды. Мені қуантқаны, жер айналасында көптеген мәселеде консенсус бар екен. Ең бастысы бәріміздің де жерге жанымыз ашиды. Жердің дұрыс игерілгенін, онда ауылдағы ағайынның қалғанын, дамығанын, өркендегенін қалайтынымыз анық. Бәріміздің көзіміз жеткен мәселе - жерге мемлекеттік бақылау керек. Жердің иесі мемлекет дейтін болсақ, мемлекеттің өз оған үлкен мұқияттылықпен әрі қажетті құрылымдар құру арқылы араласуы қажеттігіне де көзіміз жетті. Жер кодексіне талай өзгеріс енгізу де қажет. Ішінде ұйықтап жатқан да, жұмыс істемей жатқан да, кейбір мәселеде әділеттілікті қамтамасыз ете алмайтын да норманың бар екендігіне көзіміз жетіп отыр. Жалпы, Жер реформасы жөніндегі комиссиядағы қызу пікірталастардың нәтижесінде халықтың жерге деген қызығушылығы артта түсті», - деді депутат.

Сонымен қатар ол алғашқы Жер комиссиясынан кейінгі 5 жылдың босқа кеткендігіне тоқталып өтті.

«Осында айтылып жатқан мәселенің барлығын бүгінге дейін түгендеп, 5 жылдың ішінде талай-талай дүниені өзгертіп, жасауға болар еді. Осы 5 жылдың өзі бізге нені көрсетті? Жер мәселесінде экономика, инвестиция, намыс, саясаттан бұрын сенім қажеттігін көрсетіп берді. Ешкім ешкімге сенбейді. Оның себебі де бар. 90-шы жылдардағы жекешелендіру кезінде, одан кейін де талай опық жеген халық бар. Сондықтан сенбейтіндігі анық. Демек сенім деген мәселеге келіп тіреледі. Ал бүгінгі күні шынын айту керек, үлкен талқылауға шығып жатқан жекеменшік деген мәселені сенім жоқ жерде шешу мүмкін емес. Дәл бүгінде билікке де, қоғамға да, қоғам қайраткерлеріне де жан-жақтан қысым жасалып жатыр. Мәселе қорқытқанда, үркіткенде емес. Дәл осындай шиеленісті ахуалда дұрыс шешім шықпайды», - деді Айдос Сарым.

Сонымен қатар ол «Bazarbek&Partners» заңгерлік компаниясының директоры Бақытжан Базарбектің жер иелігіне қатысты нормаларға белгіленген мораторий мерзімін 5-7 жылға мораторийді қолдады.

«Ауыл адамдарының жерді сатып алуға ниеті болса да ақшалары жоқ. Қор жинасын. 90-шы жылдардағыдай төбеден таяқпен ұрғандай болмасын. Дайындықпен барайық. Ең басты шешілген мәселе - жер шетелдіктерге сатылмайды, жалға берілмейді. Олай болса, тозақтың есігі жабылды дейік. Бірақ, тозақтың есігін жаба отырып, жұмақтың да есігін жауып тастамайық», - деді ол.

Мәжіліс депутаты Бекболат Тілеухан да ауыл шаруашылығы жерлерін жекеменшікке беруге қоғам әлі дайын еместігін баса айтады.

«Жеке меншік дейтін сөздің «Ж» әрпін, жерді сату дейтін сөздің «С» әрпін айту қазір аса қатерлі. Ешқандай қисын, ешқандай уәжге түсінуге қабілетсізбіз, қабілетсізбін. Қазір ғана ешкім түбегейлі қарсы емес деп айтылды. Олай емес. Түбегейлі қарсымыз. Қасымда отырған депутаттар Жанарбек Әшімхан, Берік Әбдіғаниұлы және мен Бекболат Тілеухан осы мәселеге түбегейлі қарсы. Өйткені, «халық қаласа хан түйесін» сояды. Халықтың арасынан шыққан соң халықтың сөзін айту бізге аманат, міндет. 49 жыл жалға беру деген аз уақыт емес. Ол - жарты ғасыр, екі буын. Осы мәселеге қазіргі қоғам мүлдем дайын емес. Отпен ойнап, ушықтырып алмайық. Жекеменшік дейтін мәселені айтпай тұра тұрайық», - деді Бекболат Тілеухан.


Соңғы жаңалықтар