Ауыл шаруашылығы кооперациясын дамыту индикаторлары өзгертіледі

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Ауыл шаруашылығы кооперациясын дамыту бағдарламасының индикаторлары өзгертіледі. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында ҚР Ауыл шаруашылығы бірінші вице-министрі Арман Евниев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Оның сөзіне қарағанда, Агрокооперацияны дамыту бағдарламасында белгіленген 6 индикатор салада орын алып отырған проблемаларды шешуге еш мүмкіндік бермейді. Сондықтан бағдарламаның қолданыстағы нысаналы индикаторларын ауыстыру қажеттілігі туындап отыр.

«Агрокооперацияны дамыту бағдарламасының мақсатын «еңбек өнімділігін және ауыл шаруашылығы кооперациясына қатысушылардың бәсекеге қабілеттілігін әрдайым арттырып отыру» деп белгілеу ұсынылады. Өлшенетін, жыл сайын кемінде 10 пайызға өсіп отыратын кооператив қатысушыларының еңбек өнімділігін өсіру,  өнімді сатудан, оның ішінде экспорттан, қызмет көрсетуден түсетін пайданы өсіру, ауыл шаруашылығы кооперативтерінің негізгі қаражатына салынатын инвестицияларды өсіру сынды 3 түйінді индикатор жүргізуді ұсынамыз», - деді Арман Евниев.

Осы орайда нақты шаралар мен құралдарға тоқталған вице-министрдің айтуынша, ең алдымен қолда бар барлық мемлекеттік қолдау шаралары бойынша ауыл шаруашылығы кооперативтеріне теңдей жағдайларда субсидия беру көзделеді. Инвестициялық субсидияны, дайындаушы ұйымдардың қосылған құн салығын субсидиялауды, сондай-ақ жергілікті бюджет есебінен мал шаруашылығындағы тауарлық-спецификалық субсидияларды сақтап қалу ұсынылады.

«АӨК субъектілерінің кредиті және лизингі бойынша сыйақы ставкаларын субсидиялау қалпына келтірілетін болады. Әкімдіктерге кооперативтер құру бойынша индикативті жоспарлар және кооперативтердің қызметі бойынша индикативті көрсеткіштер белгілеуді алып тастау ұсынылады.

Шаруа, фермер қожалықтарына, ауыл шаруашылығы кооперативтеріне, жеке кәсіпкерлерге микрокредит беру жалғасатын болады», - деді ол.

Вице-министрдің сөзіне қарағанда, қолданыстағы кредиттік өнімдерді тауар өндірушілермен бірге кооперативтер де пайдалана алады. Бұл ретте жеке қосалқы шаруашылықтарға мұндай кооперацияға қатысудың екі нұсқасы бар. Атап айтқанда, өнімін дайындаушы орталықтарға өткізу және жеке кәсіпкер, шаруа, фермер қожалығы мәртебесіне өту.

Соңғы жаңалықтар