Ауыл шаруашылығы инновациялық болуы шарт - Елбасы

None
None
АСТАНА. 11 қараша. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Бүгін Қазақстан Тәуелсіздігінің 20 жылдығына арналған агроөнеркәсіп кешені қызметкерлерінің республикалық форумы барысында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Ауыл шаруашылығы министрлігіне «ҚазАгроинновация» компаниясымен бірлесе отырып, отандық аграрлық ғылымды реформалау туралы тапсырма жүктеді.

«Ауыл шаруашылығы инновациялық болуы қажет. Бізге отандық аграрлық ғылымды дамытатын нақты бағдарлама қажет. Он жылда мемлекеттің ауыл шаруашылығы саласындағы тәжірибелерді дамытуға бағыттаған шығысы 20 млрд. теңгеден асады. Біздің ғалымдарымыз, мәселен, бидайдың жоғары өнімділігін бөліп шығарды. Алайда, бұларды түбегейлі қолдану әлі де көрініс таппай отыр. Неге бұлай? Ғалымдар ондаған жылдарын сарп етіп жаңа сұрыптар, агротехнологиялар шығарады, сосын мемлекеттік комиссия әлгі жаңалықты ендіру керек пе, жоқ па, соны үш жыл бойы қарайды. Ал ғылым бір орнында тұра ма? Сондықтан да, ең ақыры біздің ғалымдарымыздың еңбегі ешкімге керексіз болып жатыр», - деді Мемлекет басшысы.

Сонымен қатар, Президент отандық ғылымды ынталандырып, оның жаңалықтары өндіріске енуі, сол арқылы ғылым табыс табуы керектігін атап өтті. «Сонда ғана біздің ісіміз өнімді болады. Сол үшін Ауыл шаруашылығы министрлігі қайдан сатып алу мәселелеріне емес, біздің ғалымдарымыздың жаңалықтары қалай тәжірибеге еніп жатқанына баса назар аударса игі. Біз өзіміздің ғылымды тиісті деңгейде дамытпасақ болмайды. Біздің ғалымдарымызға қолдау керек. Сондықтан да мен бұған дейін қуатты ғылыми базаны Шортандыда құру туралы тапсырма берген болатынмын. Дәл осындай базаны оңтүстікте де көтерген орынды», - деді Елбасы. Осыған орай, Президент Ауыл шаруашылығы министрлігіне «ҚазАгроинновация» компаниясымен бірлесе отырып, отандық аграрлық ғылымды реформалау туралы тапсырма жүктеді.

Соңғы жаңалықтар