Ауыл пошталарында «цифрлық бұрыштар» пайда болады

Фото: None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Цифрлық даму, инновациялар жəне аэроғарыш өнеркəсібі министрі Бағдат Мусиннің айтуынша, ауыл пошталарында «цифрлық бұрыштар» пайда болады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бұл туралы Бағдат Мусин Мәжілістің жалпы отырысында цирландыруға қатысты заң жобасын таныстыру кезінде айтты.

«Тұрғылықты жеріне қарамастан, әр азамат үшін цифрлық сервистер мен қызметтер қолжетімді болуы тиіс. Бұл үшін заң жобасында ұлттық пошта операторының пошта желісі негізінде ауылдық елді мекендерде мемлекеттік қызметтерге қолжетімділіктің цифрлық нүктелерін құру ұсынылады», - деді министр.

Айтуынша, аталған цифрландыру нүктесі пошта байланысы бөлімшесінің қызметкері қызмет көрсететін, интернетке қолжетімділігі бар компьютерлік және ұйымдастыру техникасымен жабдықталған орын болады.

«Қазпоштаның екі мыңға жуық ауылдық бөлімшелерінде цифрлық қолжетімділік нүктелерін ашу жоспарлануда. Осы электрондық бұрыштарда халық қызметтер алып, мемлекеттік органдарға электрондық өтініштер жолдай алады», - деді ведомство басшысы.

Айта кетейік бүгінгі Мәжілістің жалпы отырысында Айдос Сарым Мәжілістің Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетіне ауысты.


Соңғы жаңалықтар