«Ауыл» партиясының белсенділері Талдықорған агротехника колледжінің ұжымымен кездесті

None
None
ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат - «Ауыл» халықтық-демократиялық партиясы Алматы облыстық филиалының белсенділері Талдықорған агротехникалық колледжінің ұжымымен кездесті. Оқу орнының материалдық-техникалық базасымен танысып, өңірдің агроөнеркәсіп кешеніне маман даярлау мүмкіндіктерін байқап қайтты.

75 жылдық тарихы бар Талдықорған агротехникалық колледжінде қазіргі таңда 7 мамандық бойынша 1112 студент онлайн оқып жатыр. Негізінен ауылшаруашылығына қажет орта буын мамандар даярланады. Колледж қызметкерлері партия өкілдеріне жастарды қалай оқытып жатқан тәжірбиесімен бөлісіп, үй жануарлары мен құстардың патологиясын анықтайтын заманауи құралдарын назарға ұсынды.

«Ауыл» партиясы облыстық филиалының өкілдері ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Жолдауын түсіндіріп, агроөнеркәсіп кешенін дамытуға басымдық беріліп отырғанын ерекше атап өтті.

Облыстық филиал төрағасы Қанат Бекеев өңірде әлі де ауылшаруашылығына қажет мамандар тапшылығы бар екенін жеткізіп, облыс аумағындағы оқу орындары, жұмыспен қамту орталықтары және шаруашылық субъектілерімен тығыз байланыс орнату керектігін тілге тиек етті.

Алдағы уақытта «Ауыл» партиясы осы мәселені берік қолға алып, колледж, институт, университет түлектеріне жұмыс, ал жұмыс берушілерге білікті маман тауып беруге септігін тигізбек.

«Алматы облысында жас мамандар жетіспейді. Ол - өзекті проблема. Соны шешудің бір жолы бар. Оқу орындарының басшыларымен кездесіп, балалардың оқу мәселесін, жазда практика өту мәселесін, аудандардағы еңбекпен қамту бөлімдерімен бірлесіп біраз жұмыс атқарсақ па деген ойымыз бар», - дейді «Ауыл» партиясы Алматы облыстық филиалының төрағасы Қанат Бекеев.


Соңғы жаңалықтар