«Ауыл» партиясы сайлаудың заң нормаларына сәйкес өткендігін растады

None
АСТАНА. ҚазАқпарат - «Ауыл» партиясы сайлау заң нормаларына сәйкес, әділ, ашық және тиісті деңгейінде өткендігін растайды. Бұл туралы партия ресми сайтында мәлімдеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Қазақстандықтар өз таңдауын жасады. «Ауыл» Халық-демократиялық патриоттық партиясына дауыс берген әр азаматқа ризашылығымызды білдіреміз!

Мәжіліс мен мәслихаттар депутаттарының кезектен тыс сайлауы Президент бастамасымен 2022 жылы өткен Конституциялық реформалардың заңды жалғасы болды. «Ауыл» партиясы пропорционалды жүйе арқылы, ал оның қатарындағы азаматтар өз конституциялық құқықтарын пайдаланып, бірмандаттық округ бойынша сайлану мүмкіндігін еркін қолданды.

«Ауыл» партиясы сайлау заң нормаларына сәйкес, әділ, ашық және тиісті деңгейінде өткендігін растайды. Үгіт насихат жұмысы, сондай-ақ кандидаттарымызды тіркеу барысында қысым, шектеу әрекеттері тіркелген жоқ.

Саяси партиялар арасында да, бірмандаттық округпен додаға түскен кандидаттарымызда да еркін бәсекелестік болғанын хабарлаймыз. Партия өкілдерінің тәуелсіз бақылаушылармен өткізген кездесулері барлық стандартарға сай жүргізілді.

«Ауыл» партиясы үгіт-насихат жұмыстары кезінде берілген уәделер мен алға қойған мақсаттарды іспен дәлелдеуге дайын. Әр ауылдың даңқы мен өмір сүру деңгейін жоғарылату мақсатында Мәжіліс пен мәслихаттарда нақты шешімдер қабылдау үшін белсенді жұмыс атқарамыз», - делінген мәлімдемеде.


Соңғы жаңалықтар