«Ауыл» партиясы сайлауалды үгіт-насихатқа кірісті

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - «Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясының сайлауалды штабы өз жұмысын бастады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Штаб басшысы Әли Бектаевтың айтуынша, партия сайлауалды үгіт-насихат жұмыстарын дайын. Бұған дейін арнайы семинар-тренингтер ұйымдастырылып, штаб мамандары үгіт-насихат жүргізудің ережелерімен танысып шықты. Ал заңгерлер партия мүшелеріне «Сайлау туралы» заңның баптарын түсіндірді. Үгіт-насихат жұмыстарына қажетті плакаттар, үн-парақтар мен партияның бағдарламасы басылды.

«Бүгіннен бастап «Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясы ұсынған кандидат Төлеутай Сатайұлы Рақымбековтың штабы жұмыс істей бастады. Республикалық қоғамдық штабтан бөлек, 17 аймақта 17 өңірлік штаб құрылған. Әрбір қала мен ауданда біздің өкілдеріміз жұмыс жасайтын болады»,- деді Ә.Бектаев арнайы баспасөз мәслихатында.

Оның сөзіне қарағанда, еліміздің барлық аймақтарында партия үшін дауыс беруге үгіттейтін топтар жұмыс жасайды. Қазір оларға керекті насихат парақшалары мен сайлауалды бағдарламасы бар кітапшалар жіберіліп жатыр.

«Бүгінгі таңда «Ауыл» партиясы сайлауалды насихат жұмыстарына дайын. Барлық шаралар заң аясында жүргізілетін болады. Үгіт-насихат кезінде аймақтарға іс-сапарлар, жұмысшы ұжымдармен кездесулер, флешмобтар мен түрлі акциялар өткізу жоспарланған», - деп атап көрсетті Ә.Бектаев.

Соңғы жаңалықтар